Карантиндік режімнің жеңілдетілген талаптары мәлім болды

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында болған БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаев баяндады.

– Өздеріңізге белгілі, бүгін еліміз бойынша төтенше жағдай режімі аяқталды. Алайда санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты облыс көлемінде карантиндік режім 25 мамырға дейін сақталады. Себебі эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз, – деген Мұхамғали Қайыржанұлы облыс аумағына сырттан ауру тасымалдау жағдайларына алаңдаушылық білдірді. Олардың қатарында Ресейден келіп жатқан ел азаматтары, вахталық әдіспен жұмыс жасайтын облыс тұрғындары бар.

Өз баяндамасында облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері карантиндік режім кезіндегі бірқатар жеңілдетілген талаптарға тоқталды. Айтуынша, жеңілдетілген карантиндік режімнің бірінші кезеңінде бірқатар мекеме-ұйым, кәсіпорындардың жұмысы оңтайландырылады. Алайда оларға санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтау шарты қойылатынын мәлімдеді.

Бірінші кезекте 12 мамырдан бастап ауданаралық блок-бекеттер алынатын болды. Тек қана Орал қаласы аумағындағы, Бөрлі ауданындағы және шекаралық автоөткелдердегі блок-бекеттер өз жұмысын жалғастырады. Сонымен бірге осы кезге дейін адамдардың серуендеуіне қатысты қойылған шектеулер алынады. Олар тек қауіпсіздік үшін өзара 2 метр ара қашықтықты сақтаулары тиіс.

Бұдан бұрын жұмысын тоқтатқан азық-түлік базарлары 12 мамырдан бастап қайтадан ашылады. Олардың жұмыс кестесі сағат 9.00 мен 16.00 аралығына бекітілді. Дейтұрғанмен, базар әкімшілеріне карантиндік режім кезінде санитарлық талаптарды сақтау шарты қойылды. Тұтынушылар мен сатушылар бетперде мен қолғап қолданғандары дұрыс. Қауіпсіздік нұсқаулықтары сақталмаған жағдайда азық-түлік базарларының қайтадан жабылып қалу қаупі бар.

12 мамырдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары, бизнес орталықтар өз жұмысын жалғастыратын болады.

Департамент басшысы Мұхамғали Арыспаев аурудың өсу бағыты 5 пайызға төмендеген жағдайда екінші кезең бойынша жалпы аумағы 2000 шаршы метр болатын үлкен дүкендер, басқа да базарлар ашылатынын айтты. Ал ол уақыт 18 мамырға таман белгіленуде.  Үшінші кезең – аурудың өсу көрсеткіші 2 пайызға төмендеген уақытқа белгіленуде. Мұндай жағдайда барлық нысандардың жұмысын жандандыру жоспарланған. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарда санитарлық-дезинфекциялық режім сақталатын болса, оларды да екінші кезеңде ашу мүмкіндігі қарастырылуда.

– 25 мамырға дейінгі карантиндік режім кезінде барлық талаптар сақталған жағдайда эпидемиологиялық ахуал тұрақталады деген ойдамыз. Азаматтар тарапынан сауал туындаған жағдайда 50-27-66 шұғыл желі нөміріне хабарласуға болады, – деді Мұхамғали Қайыржанұлы.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *