Бұл – «Орал «Зенит» зауыты» АҚ ұжымының Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жерлестеріне тартуы.
80 жылға жуық тарихы бар Оралдағы «Зенит» зауыты – Ұлы Отан соғысы кезінде де қорғаныстық және азаматтық бағытта өнімдер шығарған іргелі кәсіпорын. Биылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына «Орал «Зенит» зауыты» АҚ ұжымы ерекше тарту жасады. Ол – үстіне теңіз минасы мен торпеда құрылғысының үлгісі қойылған соғыс кезіндегі «Полуторка» әскери мәшинесі.
Қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов зауыт жұмысшыларының оралдықтарға тартқан бұл сыйының жауынгер бабаларымыздың рухын асқақтатар тарихи маңызы ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар аз уақытта әскери құрылғыларды көрнекі қалыпқа келтірген «зениттіктерді» облыс және қала әкімдерінің алғыс хатымен марапаттады.
«Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиевтің айтуынша, Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан әкелінген теңіз минасының түп нұсқасы 1943 жылы аталмыш кәсіпорында жасалған. 1941-1945 жылдары «Зенит» зауытынан 3 мыңнан астам мина мен 300-ден астам торпедалар шығарылған.
1984 жылы зауыттағы еңбек жолын металл кесуші болып бастаған шебер Сәбит Оспанов – әскери құрылғыларды жаңалаған жұмысшылардың бірі. Ол мәшинені қалыпқа келтіріп, мина мен торпеданың үлгісін жасауға үш-төрт күндей уақыт кеткенін айтты.
ҰОС жылдарында көптеген қару-жарақ түрлерін шығарып, І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған еліміздегі бірден-бір зауыттың бұл тартуы қаламыздағы Жеңіс алаңынан орын алды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Дастан БИЖАНҰЛЫНЫҢ суреті