Бөрлі аудандық мұсылмандар мешіті және «Берекелі жамағат» қайырымдылық қоры Рамазан айының құрметіне орай «Рамазан сыйы» қайырымдылық керуенін ұйымдастырды деп хабарлайды аталмыш мешіттің баспасөз қызметі.
Кімде-кім Рамазан айында кедей-кепшік, жетім-жесірге қол ұшын созып, көмек көрсетсе, Алланың мол сауабына кеңелері сөзсіз. Бұл туралы Қасиетті Құрандағы Ниса сүресінің 127-ші аятында «Қайырдан не істесеңдер, Алла оны күдіксіз біледі» делінген екен.
Аталған қайырымдылық шарасы аясында аудан орталығынан шалғай жатқан Қанай, Бөрлі, Бумакөл, Приуралье, Жарсуат ауылдарындағы 50 отбасыға азық-түлік салынған сөмкелер таратылған. Өткен аптадағы «Рамазан сыйы» қайырымдылық керуеніне 300 мың теңгедей қаражат жұмсалған.
– Ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі – қайырымдылық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» деген. Қайырымдылық жасау біздің рухани дүниемізді жақсартып қана қоймай, қоғамды да жақсы жағына өзгертеді. Сондықтан, мұсылман баласы қасиетті айда барынша қайырымдылық жасап, жағдайы төмен жанұяларға қолұшын созуы үлкен сауап, – дейді Бөрлі аудандық мешітінің бас имамы Қанат Жәкенов. Мешіттің баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндағы қайырымдылық істері алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Өз тілшіміз