Ағымдағы жылдың сәуір айында облыс орталығында тіркелген қылмыстардың барлығы дерлік сақшылардың кәсіби шеберліктерінің нәтижесінде ашылды деп хабарлайды Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Мысалы, биылғы 26 ақпанда қаланың «Астана» ықшамауданындағы «Алтындар» сауда үйінде орын алған ұрлық фактісі жуырда ашылған.
Күдіктінің соңына түскен Орал қалалық ПБ ЖПҚб инспекторы, полиция майоры Альберт Ералы 6 сәуір күні 1998 жылғы Зашаған кентінің Д.есімді тұрғынын қолға түсірген екен. Ол ұрлық жасағанын толықтай мойындаған.
Сонымен қатар 6 сәуірде №13 учаскелік полиция бекетіне М. есімді азамат қоңырау шалып, «Ваз 2112» маркалы көлігінен жеке мүліктерінің ұрланғанын хабарлаған. Оқиға орнына барған сол аймақтың учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Талғат Өтешов күдікті қала тұрғынын құрықтаған. Одан әрі қалалық ПБ-ның жедел-тергеу тобы шақырылып, күдікті басқармаға жеткізілген.
Ал сәуірдің 13-і күні бір азаматша тәртіп сақшыларына хабарласып, бір күн бұрын ұрлық болғанын, тіпті күдікті тұлға туралы да мәлімет берген. Көп кешікпей шаһардың Захаров көшесіндегі «Мария» дүкеніне кірген Л.есімді азаматшаның сөредегі «Айфон» маркалы ұялы телефонның зарядкасын ұрлап кеткені анықталған. Шағымданушыға 10 000 теңгеге шығын келген. Нәтижесінде 2001 жылғы азаматша ұсталып, арыз бойынша жұмыстану үшін оның қылмыстық әрекеті туралы мәліметтер анықтау бөліміне тапсырылған. 14 сәуірде учаскелік полиция инспекторына хабарласқан Е. есімді азаматша 1957 жылғы В. есімді азаматтың бөлмесіндегі шкафта тұрған 5 мың теңгені ұрлап кеткенін жеткізген. Күдікті ақшаны ұрлап, үйден шығып кеткенімен, аталған мекенжайға барған полиция капитаны Алмасбек Гайсиннің қолына түсіп, жасаған қылмысын мойындаған.
14 сәуірде қалалық басқарманың ЖПҚб УПИ-ның көмекшісі, полиция лейтенанты Айдар Дусалиев түнгі патрульдеу кезінде сағат 01.10 шамасында «Орал-Желаев» трассасы мен Қызылжар көшелерінің қиылысында бір көлікті тоқтатады. Көлікті тізгіндеген 1986 жылғы М. есімді оралдық азаматтың масаң күйде екені анықталған. Оған қоса оның ішімдік ішкенін сот-медициналық сараптамасының қорытындысы да дәлелдеген. Көлік арнайы автотұраққа қойылып, жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылған.
Тағы бір факт – 17 сәуірде №15 УПП- нің инспекторларына қоғамдық көмекшінің жәрдемдесуі нәтижесінде жарты сағатта ашылған ұрлық оқиғасы. Яғни полиция қызметіне 1997 жылғы А. есімді азамат хабарласып, белгісіз тұлғаның сендіріп айтқан уәдесіне алданып қалғанын мәлімдеген. Айтуынша, біреу 4 дана сыра бөшкелерін алып кетіп, кері қайтармай, шағымданушыға 100 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Бұл істі полиция майоры А Мұхаметьяров дереу қолға алған. Ал полиция қызметкерлеріне қол ұшын созған олардың қоғамдық көмекшісі біреуді алдап, ізін жасырған алаяқ туралы мәліметтер жеткізген. Нәтижесінде 1981 жылғы П. есімді күдікті ұсталған және ол өзгенің сеніміне кіру арқылы алаяқтыққа жол бергенін мойындаған. Алдағы күндері осы қылмыстарға қатысы бар күдіктілер заң алдында жауапталады деп күтілуде.
«Полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көше қылмыстарына тосқауыл қою, жол-көлік апаттарының алдын алу, түнгі қаланың тыныштығын күзету сынды іс-шараларды мінсіз атқарып, қызмет сапынан табыла бермек» делінген баспасөз хабарламада.
Өз тілшіміз