Бүгінгідей қым-қуыт кезеңде де жергілікті билік пен қайырымды азаматтар қазыналы қариялардан қамқорлықтарын аямауда.
Бұл туралы халықтың осал тобына жататын азаматтарға қызмет көрсететін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы басшылығы мәлімдеді.
Сондай қайырымдылық іс-шараларының бірі – оралдық егде жастағы жалғызбасты қариялар мен мүгедектерге дайын ыстық тамақ тарату акциясы. Бұл игілікті істі Орал қалалық әкімдігі мен «Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалының қолдауымен «Caspian Offshore Construction Realty» мекемесі ұйымдастыруда. Ұйымдастырушылар осы жылдың 16 сәуірінен бастап шаһардағы 70 жастан асқан 200-ге жуық жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ыстық тамақ таратуда. Бұл ізгілікті іс төтенше жағдайдың уақыты біткенше жалғасады деп жоспарланған. Дайын ыстық тамақ тарату шарасын санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес кәсіби курьерлер жүргізуде. Шараны ұйымдастыру барысында тазалыққа үлкен мән беріледі.
– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жұмысы тоқтаған емес. Облыс орталығында бұл қызмет түрін алушылар саны – 896 адам. Олардың ішінде жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер – 774, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалар – 78, психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқандар – 44. Оларға қызмет көрсететін 120 әлеуметтік қызметкер жалғызбасты қарттарға үйлерін тазалауға, тамақ дайындауға, дәрі- дәрмектерін әкеліп беруге, коммуналдық төлемдерді төлеуге жәрдемдесіп, денсаулықтарын тексеріп тұрады, – деді зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының директоры Арман Дәулетов.
Ләззат ҚАЖЫМОВА