Ағымдағы жылдың 30 наурызынан бастап облыс аумағында күшейтілген карантиндік режім енгізілуіне байланысты қалаға кіретін жолдарға тоғыз блок-бекет қойылғаны белгілі. Ол жерлерде тиісті мекемелердің қызметкерлері жұмыс атқаруда.
Атап айтқанда бекеттердегі тәртіп пен талапты сақтауға облыстық полиция департаменті, облыстық прокуратура, эпидемиолог мамандар, медицина қызметкерлері, қалалық әкімдік өкілдері және Алматы облысынан келген әскери бөлім сарбаздары жұмылдырылды. Одың әрқайсысының белгіленген өз қызметі бар. Блок-бекеттер басшысы, қала әкімінің кеңесшісі Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, бекеттерде 11 адамнан екі ауысыммен жұмыс жасайды.
Бүгінгі таңда қала маңындағы блок-бекеттерді кесіп өтушілер көп болғандықтан, сәйкесінше адамдардың да шоғырлануы орын алуда. Әрине, халықаралық және республикалық деңгейдегі автожолдарда көліктер көп болатыны белгілі. Ал қала шетіндегі аудандарға шығатын автожолдардан көліктер керісінше сирек өтеді. Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында бекеттерде күнделікті дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Кезекшілік атқарылатын мамандар қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген және барлық жағдай жасалған.
Айталық «Орал-Саратов», «Орал-Атырау» автожолдары аралығындағы №4 блок-бекеттен көбінесе транзиттік жүк көліктері мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары өтеді. Тұрғындар бекеттерден арнайы анықтамамен ғана өте алады. Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті билік іске қосқан www.stopcovid.kz сайты арқылы да мекеме-ұйымдар карантиндік режім кезінде өз жұмыстарының тоқтаусыз жүруіне ықпал ете алады. Аталған электрондық база арқылы өтініш жіберетін кәсіпкерлер жұмыс жасауға рұқсат алады. Ал блок-бекеттерден жұмысшылар сол рұқсатнама қағаздарымен ғана өте алады. Өңір кәсіпкерлерінің де қажетті құжаттары түгел болса, бекеттен кедергісіз өтуіне мүмкіндік бар. Блок-бекеттерден өтетін тұлғалардан талап етілетін құжаттар: жеке куәлік, кәмелетке толмағандардың туу туралы куәліктері, автокөліктің құжаты мен жұмыс орнынан анықтама.
Облыс аумағынан өтетін транзиттік көліктердің құжаттары мен жүргізушілердің денсаулығы тексерілгеннен кейін полиция қызметкерлерінің жол бастауымен сапарларын одан әрі кедергісіз жалғастырады. Бекеттерден өтетін барлық жолаушылардың дене қызуы өлшеніп, сауалнама толтырады. Егер олардан дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрынның бітелуі секілді ауру белгілері байқалса, арнайы алгоритмге сәйкес жедел жәрдем қызметі шақырылады. Автокөлік пен бекет аумағы залалсыздандырылып, емдеу мекемесіне жіберілген науқастың көлігі автотұраққа қойылады.
Тұрғындар арасында жиі талқыланып жүрген мәселелердің бірі – жерлеу рәсімдері. Қала маңындағы орталық бейітке шығар жолға қойылған №3 блок-бекеттің жауапты қызметкері, полиция майоры Ермек Каюпов айтып өткендей, нұсқаулық бойынша марқұмды жерлеу үрдісіне бекеттен жиырма шақты адаммен төрт көлік қана өте алады. Ал осындай қаралы жиындарға қатысу үшін жолға шығатын аудандар мен облыс орталығының тұрғындары марқұмдардың қайтыс болғаны туралы куәлігін көрсетеді. Алайда оларға рұқсат берілмейді, нұсқаулық бойынша мәйітті жер қойнына тапсыру үшін жолға шыққан топ қана бекеттен өте алады.
Әрине, өз шаруаларымен жолға шыққан барлық азаматтар да тосқауылға ұрынғысы келмейді. Алайда тәртіптің аты – тәртіп. Осындай ұлт саулығы сынға түскен кезеңде ереже бұзу – қос тарапқа да тиімсіз. Осыны тұрғындарға барынша түсіндіруге тырысатын блок-бекет қызметкерлері олардың уақытша шектеулерге сабырлық танытуын сұрайды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА