Оралдықтарға етене таныс демалыс орнының сенімгерлік басқаруға берілетіні туралы мәлімдеген қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев осылай деді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы кезекті баспасөз мәжілісіне қатысқан аталмыш бөлім басшысы қалалық мәдениет және демалыс саябағы сенімгерлік басқаруға берілетінін хабарлады.
Шаһар тұрғындары мен қонақтарының тынығып, серуендейтін демалыс орнына айналған саябақтың меншік иесі – Орал қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі. Қалалық мәдениет және демалыс саябағының негізгі қызметі – мәдениет саласында өндірістік-шаруашылық қызметтерді жүзеге асыру, жасыл алқаптарды пайдалану арқылы халықтың көпшілік мәдени демалысын ұйымдастыру, тұрғындар үшін ойын-сауықтар мен мәдени-көпшілік шараларын өткізу.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Ерболатұлының айтуынша, аталмыш саябақта 30 қызметкер жұмыс жасайды.
– Ол еліміздегі ең көне саябақтардың бірі және тарихи маңызы бар нысандар қатарына жатады. Жалпы аумағы – 23,9 гектарды құрайды. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына сәйкес аталған мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын сенімгерлік басқаруға сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге беріледі, – деді бөлім басшысы. Белгілі болғанындай, бұл тарихи нысанды сенімгерлік басқаруға берудің өз шарты бар. Яғни, сенімгерлік басқарудың келісімшарттағы қолданылу мерзімі ішінде саябақтың шаруашылық жүргізу құқығымен қоса қызмет профилі сақталуы керек. Қолданыстағы заң бойынша сенімгерлік басқарушыға басқаруға берілген мүлікті өз атынан мемлекеттің мүддесі үшін пайдалану міндеттеледі.
Мәдениет және демалыс саябағы толықтай шаруашылық есебінен қызмет атқарады. Соңғы тоғыз жылда демалыс орнын күтуге бюджеттен қаражат бөлінбеген. Кәсіпорын табысының негізгі бөлігі – меншікті кірістер.
Саябақ аумағында сауда орындары жалға беріліп келеді. Сол жалға алудан және аттракциондарға билет сатудан түскен қаржы демалыс орнын күтуге, абаттандыруға және көгалдандыруға, оның ішінде жалақыға, коммуналдық қызметтерге, салық және әлеуметтік төлемдерге, негізгі құралдар мен материалдарға, жөндеу жұмыстарына және материалдар алуға жұмсалады.
Қалалық саябақтағы негізгі кіріс көзі – тұрғындарға етене таныс Оралды биіктен тамашалауға мүмкіндік беретін «Шолу дөңгелегі» («Колесо обозрения») аттракционынан түсіп тұрған. Алайда қойылғанына 34 жыл болған ескі аттракцион қазіргі уақытта жұмыс жасамайды.
Қалалық әкімдіктің саябақты сенімгерлік басқаруға берудегі негізгі басты мақсаты – инвестиция тарту арқылы демалыс орнының жұмысын заманауи бағытта жандандыру. Осы ретте бөлім басшысы соңғы рет 2011 жылы жөндеуден өткен саябақты сенімгерлік басқаруға алушы инвесторға қойылатын негізгі талаптарды атап өтті. Ол талаптардың қатарында саябаққа коммуникация жүргізу, асфальт жол салу, бейнебақылау орнату, жағажай мен жүзу алаңдарын жасақтау, ойын алаңдары мен шағын стадион салу сынды тынығу алаңының жұмысын жандандыруға бағытталған жұмыстар бар.
– Мәдениет және демалыс саябағын сенімгерлік басқаруға аламын деген кәсіпкер келісімшартта көрсетілген уақыттар аралығында белгіленген талаптарды орындауға міндетті. Олардың орындалуын уәкілетті орган болып, халық болып бірге қадағалауға шақырамыз, – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Қайырлиев.
Ләззат ҚАЖЫМ