Қоғамда өзгелердің сеніміне кіріп, сан соқтырып кететін алаяқтықтың түрі көбеюде. Осындай оқиғалардың бірнешеуі тіркелді деп хабарлайды Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Алаяқтардың бірі қызметке орналасуға көмектесемін десе, енді бірі пәтер немесе банктен несие алып беретін таныстарым бар деген желеумен тұрғындардың бар жиған-терген қаражатын оңай жолмен қолды қылуда. Алаяқтарға алданғанын кейін білген зардап шегушілер полицияға шағымдануда. Осы ретте Орал қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері екі күн ішінде төрт адамды алдап соққан алаяқтық қылмысына қатысына бар күдіктіні ұстаған. Еш жерде жұмыс жасамайтын күдікті өзінің жасаған қылмыстық әрекеттерін толық баяндап берген екен.
Мысалы, ол 26 наурызда кешкі уақытта Самара көшесіндегі үйлердің бірінің қасында «жалға алып, кері қайтарамын» деген небір сылтаулармен біреудің «Playtabior» маркалы үш дана ойын құрылғысын, тағы жеті дана ойын құрылғыларын, «Panasonic» телевизорын алып кеткен. Нәтижесінде 1994 жылғы оралдыққа 550 мың теңге материалдық тұрғыдан шығын келтірген. Одан әрі әккі ойынын жалғастырған алаяқ 30 наурызда кешкі сағат 17.30 шамасында Д.Қонаев атындағы 6-ықшамауданындағы 25-үйдің маңында кезекті «құрбанының» сеніміне кіріп, «уақытша жалға аламын, жалға алған ақшасын беремін» деп алдап, бір әйелдің «Плейстейшен» ойынының құрылғысын алып кеткен. Алданғанын білген, 120 мың теңгеге шығынға батқан 1981 жылғы азаматша осы оқиғадан кейін полицияға хабарласқан. Ал күдікті ойын құрылғысын сатып үлгеріпті.
Жедел уәкілдер күдіктінің 1993 жылғы Теректі ауданының тұрғыны екенін, еш жерде жұмыс жасамайтынын анықтаған. Ол төрт азаматты алдағанын мойындаған. Ойын құрылғыларының барлығын да сатып жіберген. Алаяқтықпен айналысқан күдіктінің бұған дейін де ұрлық жасап, кісі тонағаны анықталған. Қазіргі таңда Орал қалалық ПБ бұл істі ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 1-тармағына сай, алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену деп таныған. Алаяқтыққа қатысты төрт эпизодпен қылмыстық іс қозғалған.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды осындай алаяқтардың арбауынан сақтанып жүруді ескертеді.
Өз тілшіміз