Облыс әкімі Ғали Ескалиев кеше Ақжайық ауданындағы блок-бекеттердің жұмысын тексерді.
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Бүгінде аймақ бойынша күшейтілген карантинге байланысты 90-ға жуық блок-бекет қойылды. Облыс әкімі соның ішінде Атырау облысының шекарасындағы бекеттердегі жұмыстың қалай ұйымдастырылғанына назар аударды.
Ақжайық ауданының аумағында барлығы алты блок-бекет жұмыс жасап тұр. Олар Шабдаржап ауылының тұсында; Алғабас ауылының, Жайық өзенінің сол жақ бетінде Сарытоғай ауылының тұсында, Чапаев ауылындағы қалқымалы көпірі тұсы мен Қазталов бағытындағы тас жол бойында және Чапаев ауылынан Жаңақала бағытындағы тас жолда орнатылған. Әр блок-бекетте ауысыммен екі бригада қызмет атқарады. Атырау облысымен шекарадағы Шабдаржап ауылындағы және Алғабас ауылының тұсындағы бекеттерде төрт санитарлық дәрігер және алты миграциялық, учаскелік, патрульдік полиция инспекторлары қызмет атқаруда.
Блок-бекеттердегі қызметкерлер патрульдік автокөлікпен, қару-жарақпен, бетпердемен, автокөлікті тіркеуге арналған журналмен, анкета парақтарымен және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен (тепловизер, антисептик) қамтылған. Бекеттердің алдында тиісті жол белгілері қойылған.
Мысалы, Шабдаржап ауылы тұсындағы блок-бекеттен барлығы 5176 автокөлік (жеңіл – 2733, жолаушы тасымалдаушы – 95, жүк көлігі – 2318) өткен. Пост қызметшілері 13845 адамды тексерістен өткізген. Соңғы тәулік ішінде Шабдаржап ауылы бойындағы блок-бекет арқылы 285 машина жүрген. Орта есеппен алғанда аталған тас жолдан 250-ге жуық автокөлік жүріп өтеді екен.
– Ақпараттық жұмыстардың арқасында екі өңір арасындағы жеңіл көліктердің саны айтарлықтай азайғанын байқаймыз. Өтіп жатқан барлық азаматтар тексеруден өтіп, сауалнама толтырып жатыр, – деді Ақжайық аудандық полиция бөлімінің бастығы Ертас Бисенов.
Облыс әкімі тұрғындар тарапынан аталған блок-бекетте жиі көлік кептелісі орын алатыны туралы шағым түскенін айтты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, кептеліс ауысыммен жұмыс жасайтын адамдардың блок-бекетті бір уақытта кесіп өтуі кезінде орын алғанын жеткізді. Екі облыс шекарасынан өтетін адамдардың көбі Ақтөбе облысының азаматтары екен. Полиция қызметкерлері барлық тексерулерден кейін, оларды патрульдік автокөлікпен облыс аумағынан шығарып салады.
Сонымен қатар тәртіпке бағынбай, бекетті айналып өту әрекеті де анықталыпты. Бүгінде тәртіп бұзушы ұсталып, хаттама толтырылған. Ал азаматтардан қызу көтерілу және басқа да ауру белгілері анықталған жағдайда шұғыл түрде жедел жәрдем қызметі шақырылады.
Тексеру барысында облыс әкімі полиция қызметкерлері мен санитар-эпидемиологтар жүргізетін жұмыстың маңыздылығына тоқталып, тексерулерді барынша мұқият жүргізу керектігін атап өтті.
– Нақты сауалнама жүргізу, жазылған мәліметтердің толықтығын қадағалау арқасында облыс аумағында сырқаттанғандарды анықтау жеңіл болады. Соның нәтижесінде ауру жұқтырған адамның облысқа қайдан келгенін анықтап, онымен байланыста болғандарды тез таба аламыз. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын мұқият жүргізіп, олардың сауалнама толтыру кезінде жеке жауапкершіліктері туралы естеріне салып отырудың маңызы зор. Мен сіздерді өңір тұрғындарын аурудан қорғау жолында шыдамдылық танытуға шақырамын, – деді облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы блок-бекеттердегі қызметкерлер бригадасына.
Өз тілшіміз