Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәжілісінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов мәлімдеді.
Төтенше жағдай кезінде қаладағы такси тасымалы қызметі мен қоғамдық көліктердің жұмысына қойылатын қосымша шектеу шаралары туралы өткен баспасөз маслихатында Орал қаласы әкімінің орынбасары Бекжан Нұрланұлы ҚР автомобиль туралы Заңы және жолаушылар мен багажды тасымалдаушылар ережесінің талаптарына сәйкес тек қана ресми тіркелген таксоматорлық компаниялардың қызметін пайдалануды ұсынды. Бүгінгі таңда Орал қаласында ресми тіркелген 4 такси қызметі жұмыс жасап тұр. Олар – «Азия», «Империя», «KASPI», «Ардагер-ОКСВА» такси қызметтері. Осы төрт мекеме ғана ресми тіркеліп, барлық қажетті құжаттармен қамтылған.
Такси тасымалдаушыларына қойылатын талаптар:
- Таксимен тасымалдаушы ретінде қызмет басталатыны туралы хабарламаның болуы;
- Кемінде төрт есігі бар сериялық өндірістік жеңіл автомобилдерді пайдалану;
- Такси тасымалдау үшін арнайы басқарылатын, оның ішінде толық қолмен басқарылатын оң жақты рөлдік басқаруға және автокөлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады;
- Жүргізушілерді, автокөлік құралдарын рейске дейін және рейстен кейін медициналық тексеруден міндетті түрде өткізу;
- Жол парағының болуы;
- Ақпараттық-диспетчерлік қызмет көрсету жөнінде шарттың болуы;
- Егер таксиде ақау барын білген жағдайда оны уақтылы ауыстыру;
- Автокөлік құралдарын GPS трекерлерімен жабдықтау;
- Автокөлікті жуу және дизенфекциялау құралдарымен жабдықтау;
- Жүргізушілер де жеке қорғану құралдары бетперде мен қолғап болуы тиіс;
- Автокөлік салонында антисептик,санитайзер санының жеткілікті болуы;
- Автокөлік салонын екі сағат сайын дизенфекциялау;
- Жүргізушінің жол тасымалы кезінде сақтандыру қағазының болуы.
Гүлзинат ҚИБАТОВА