Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапкершілік көзделгені туралы бірнеше рет ескерткен болатын. Соған қарамастан, жекелеген тұлғалар белгіленген талаптарды бұзуды жалғастыруда.
Осыған орай жауапкершілікті ауырлату жөнінде шаралар қолданылды. Төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап оның шарттарын бұзғаны үшін 32 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 18-на қатысты әкімшілік қамаққа алу туралы шешім қабылданды.
Әкімшілік істердің көпшілігі сауда (дүкендер) және қоғамдық тамақтану (мейрамханалар мен дәмханалар) объектілері иелерінің төтенше жағдай кезінде енгізілген шектеулерді орындамауымен байланысты. Бұдан басқа, карантинге жатқызылған тұлғаның стационардан өз бетімен кету фактісі бар. Кінәлі тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.
Медициналық мақсаттағы бұйымдарды сату бойынша төрт фактінің жолы кесілді. Оған қоса коронавируспен байланысты көрінеу жалған ақпараттар тарату фактілері анықталды. Үш тұлғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар, коронавирусты жұқтырған тұлғаның жеке мәліметтерін таратумен байланысты бір қылмыстық іс тіркелді.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздер азаматтардан қайталап қабылданған шараларды түсініп, денсаулық сақтау басқармасы мен полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз. Полицияның мұндай талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін (40 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 10 күнге дейін қамаққа алу) атап өтеміз.
Санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзған үшін (ӘҚБК 425 бап) қызметін тоқтата тұрып 2000 АЕК дейін, ал бақылаушы органдардың актілері мен талаптарын орындамаған үшін (ӘҚБК 462 бап) қызметін тоқтата тұрып 500 АЕК дейін әкімшілік айыппұлға әкеп соғады. Сонымен бірге шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырамыз.
Ағымдағы жағдай туралы шынайы ақпарат www.coronavirus2020.kz. ресми Интернет-ресурсында жарияланған.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі