Бүгін БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қосымша енгізілген шектеулер мен тыйымдар туралы ақпарат берді.
Батыс Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғанымен, коронавирус инфекциясының облыс аумағына таралуына жол бермеу мақсатындағы сақтық шаралары күшейтілуде. Осыған орай қолға алынған бірқатар шараларға тоқталған облыстың бас санитариялық дәрігері:
– Күні бүгін облыста 53 адам карантиндік стационарға жатқызылды. Олардың барлығы лабораториялық тексерістен өтті, жұқпалы індет анықталмады. Дейтұрғанмен де қауіпсіздік шараларын сақтауымыз керек, – деді.
Облыстың бас санитариялық дәрігерінің қаулысымен өңірдегі барлық сауда орындарының жұмысы тоқтатылғаны белгілі. Енді бүгіннен, яғни 28 наурыздан бастап барлық тамақтану орындарының жұмыс кестесіне шектеу қойылады. Нақты айтқанда, асхана, кафе, мейрамханалар таңертеңгі сағат 10.00 мен кешкі сағат 18.00 аралығында жұмыс жасайтын болады. Ал сағат 18.00 мен 22.00 аралығында тағамды тапсырыспен үйге жеткізуге рұқсат беріледі.
Сонымен қатар 30 наурыздан бастап жолаушылар тасымалы қызметіне де шектеулер қойылады. Облыстар мен аудандар арасында жолаушылар тасымалы қызметімен айналысатын ресми емес (тіркелмеген) жеке тасымалдаушыларға; автобус қатынастарын қоспағанда, аудандар арасында және Атырау мен Ақтөбе облыстары бағыты бойынша жолаушылар тасымалымен айналысатын ресми (тіркелген) жеке тасымалдаушыларға
шектеу қойылады. ҚР азаматтарына БҚО аумағынан Ресей Федерациясына шығуға, облыс аумағына басқа өңір тұрғындарының кіруіне, Атырау және Ақтөбе облыстары бағыты бойынша азаматтарға жеке көлікпен жүруге тыйым салынады. Бұл шектеулердің емделу мақсатында жолға шыққан тұлғаларға қатысы жоқ.
«Мұның барлығы облыс тұрғындарының өмір қауіпсіздігі үшін жасалуда» деді департамент басшысы Мұхамғали Қайыржанұлы.
Ләззат ҚАЖЫМОВА