Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәжілісіне қатысқан қала әкімі Абат Шыныбеков мәлімдеді.
«Төтенше жағдай кезінде коронавирустың алдын алу бойынша мемлекеттік органдар тарапынан қолданылатын іс-шаралар» тақырыбындағы брифингте сөз алған қала әкімі ел Президентінің төтенше жағдайға байланысты Жарлығы бойынша облыс орталығында қолға алынған іс-шаралардан хабардар етті.
Оралда эпидемиологиялық ахуал тұрақты, коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Қазіргі таңда қалада 26 адам провизиялық стационарда, 53 адам үй карантинінде, 138 адам жалпы бақылауда. Осы жылдың 20 наурызынан бері Оралға 3000-нан астам азамат келді, — деді Абат Абайұлы.
Айтуынша, қалада Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет ететін штаб құрылған. Бірнеше бағыт бойынша жұмыстанатын бұл штабтың шешімімен мониторингтік топтың ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, жұқпалы індеттің алдын алу шаралары, әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын оңтайландыру, мекемелерді қашықтықтан жұмыс жасауға көшіру, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарды қолдау шаралары басталып кеткен.
Осындай сын сағатта барлық қауіпсіздік шаралары назардан тыс қалмауда. Барлық мәдени-демалыс орындарының жұмысы уақытша тоқтатылғаны белгілі. Ал 1200-дей сауда нысаны облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысымен сағат 9.00-21.00 аралығындағы жұмыс кестесіне көшірілген. Шағын және орта бизнес иелеріне ТЖ кезінде санитарлық талаптарды сақтау ескертілген.
Қала әкімі тұрғындарды алаңдатқан азық-түлік қорының жеткілікті екенін жеткізді. Өткен аптада бағасы шарықтаған картоп пен қанттың құны тұрақталғанын айтты. Көтерме сауда иелері қалаға 70 тонна қант жеткізген.
Төтенше жағдай кезінде бағаны негізсіз қымбаттату, санитарлық талаптарды бұзу фактілеріне куә болған тұрғындар «109» нөміріне немесе 8-700-0-109-109 ватсап желісіне хабарлама қалдыра алады, — деді Абат Абайұлы.
Шаһардағы коммуналдық мекемелер де күшейтілген жұмыс режіміне көшкен. Қаладағы 376 автобус аялдамасын жуу, күнделікті желіге шығатын 400-ге жуық қалаішілік қоғамдық автобустарды дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Санитарлық тазалық талаптарын сақтау 1234 тұрғын үйге жауапты 107 пәтер иелері кооперативіне де міндеттелген. ПИК-ке бірікпеген 334 көппәтерлі үйге де жауапты адамдармен бірлесе дезинфекциялау жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі уақытта 598 үйге санитарлық дезинфекциялау жұмыстары жүргізілгені белгілі болды. Қаланы да жаппай залалсыздандыру шаралары қолға алынуда.
Қала басшысы Абат Шыныбеков өз баяндамасында бюджеттік және мемлекеттік мекемелер қашықтықтан жұмыс жасауға көшкенін, төтенше жағдай кезінде айлық табысынан айырылған азаматтарға жәрдемақы төлеу бойынша Президент тапсырмасына орай әлеуметтік төлемге мұқтаж жандардың тізімі нақтыланып үстінде екенін, «Біз біргеміз!» акциясы аясында оралдықтар қайырымдылық шараларына үн қосып жатқанын мәлімдеді.
Сөз соңында қала басшысы осы сындарлы сәтті сабырмен, жауапкершілікпен еңсеруге, барлық санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.
Ләззат Қажымова