Облысымыздағы Ақтөбе және Атырау өңірлерімен шекараларға 21 наурыздан бастап санитариялық блокпостар қойылды деп хабарлады БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Мұндағы басты мақсат – коронавирус бойынша әлемдегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды және Қазақстан Республикасында тіркелген жағдайларды ескере отырып, коронавирустық инфекцияның Батыс Қазақстан облысының аумағына әкелінуі мен таралуының алдын алу. Аталмыш департаменттің мәліметінше, санитарлық блокпосттар БҚО-ның Шыңғырлау ауданы мен Ақтөбе облысының шекарасында, сондай-ақ Ақжайық ауданы мен Атырау облысының шекарасында қойылған. Онда полиция және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері тәулік бойы сауалнама жүргізу арқылы жұмыс істейтін болады.
Ақжайық блокпостында – 321 азаматқа, Шыңғырлау блокпостында – 1058 азаматқа сауалнама жүргізілген. Блокпосттардан өткен азаматтардың барлығында денсаулық жағдайына шағымдары болмаған, тексеру жұмыстары жалғасуда.
Өз тілшіміз