Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев РФ-ның Самара облысы шекарасындағы «Сырым» өткізу бекетінде болып, коронавирус індетінің өңірімізге таралуының алдын алу мақсатындағы жұмыстармен танысты.
Ресейдің бірқатар облыстарымен іргелес жатқан Батыс Қазақстан өңірі жұқпалы дерттің таралуына тосқауыл қою шараларын күшейтуде.
Осы ретте шекараны кесіп өтетін азаматтарды қатаң тексеретін санитарлық-карантиндік пункттер биылғы 13 наурыздан бастап өз жұмысына кірісті. БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, мұндай пункттер облыс аумағындағы Ресейдің Самара, Орынбор, Саратов облыстарымен шектесетін бес шекара бекетіне қойылған.
Солардың бірі – Самара шекарасындағы «Сырым» кеден бекетіндегі сақтық шаралары мен қауіпсіздік талаптарының сақталу барысын бақылаған өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы: – Біздің облысымызбен шекаралас жатқан Ресей облыстарында короновирус тіркелгені туралы ақпарат тарауда. Осыған байланысты тұрғындар алаңдаушылық білдіруде, – дей келе, шекарашылар мен эпидемиологтар тарапынан қолға алынған шаралардан хабардар болды.
Күніне мыңдаған жүк көлігі кесіп өтетін аталмыш кеден бекетінде барлық жағдай қатаң бақылауға алынған. Шекара қызметі олардың қай мемлекеттен келе жатқанын анықтап, жеке құжаттарын тексереді. Соның ішінде коронавирус індеті бойынша қолайсыз санатқа жататын елдерден Батыс Қазақстанға бет алған азаматтар тәулік бойына жұмыс жасайтын санитар-эпидемиолог мамандардың тексерісінен өтеді. Облыс басшысы бұл мәселеге салғырт қарамай, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты сақтық шараларын қатаң ұстануды тапсырды.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, жұқпалы ауру таралу қауіптілігі жағынан 1 «А» және 1 «Б» санаттарына жататын елдерде болған адамдар арнайы сауалнама толтырып, дене қызулары өлшенеді.
– Эпидемиологтар кеше шекарадан өткен 29 адамды тексерсе, бүгін 18 адамның денсаулығын бақылады. Барлық жағдай қатаң бақылауда, қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Дене қызуы байқалған азаматтарға жедел жәрдем шақырылып, уақытша изоляторға жатқызылады.Ресейден келетін батысқазақстандықтар одан әрі тіркелген мекенжайлары бойынша емханаларда тексерістен өтеді, – деді облыстың бас санитары.
Наурыздың 20-сы күнгі жағдай бойынша, облысымызда коронавирус инфекциясы бойынша қолайсыз елдерден келген 104 азамат бақылауға алынған. Олардың 16-сы – 1 «А» санаты бойынша, 24-і – 1 «Б» санаты бойынша, 63-і 2-санат бойынша карантинге жатқызылған.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Бейбарыс СҰЛТАННЫҢ суреті