Оралда баға бақылауда

Елдегі жағдай сауда иелері мен тұтынушыларды біраз әбігерге салғаны жасырын емес. Осы ретте Орал қалалық әкімдігі азық-түлік бағасының тұрақтылығын назарда ұстап отыр.

Осы аптаның сәрсенбісінде қала әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов пен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық  бөлімінің басшысы Жалғас Ғұмаров БАҚ өкілдерімен бірге орталық базар мен сауда үйлерін аралап, азық-түлік бағасын зерделеді.

Орталық базар маңындағы көтерме саудамен айналысатын «Қаяпбергенов» және «Ляззат» жеке кәсіпкерліктеріне тиесілі екі сауда нүктесінде көкөніс түрлерінің бағасы қымбаттамаған. Өзіміз куә болғандай, сәбіздің келісі – 100, картоп – 80-100, қызылша 90 теңгеден көтерме бағамен сатылуда.

– Кеше ғана жеткізілген өнім барлығы. Таңертеңгі сағат 7 мен 10-ның аралығында жұмыс жасаймыз, – дейді алғашқы сауда нүктесінің өкілі Ақнұр Сыдықова.

Екінші көтерме сауда қоймасының қожайыны Нұргүл Ашықова: – Картоп сатылымда жоқ деп бағаны көтеру шындыққа жанаспайды. Дүрбелең туғызуға ешқандай себеп жоқ. Түске дейін қоймамыз ашық, тұтынушыларға 25 келіден бастап көтерме бағамен ұсынамыз, – деді.

Ал «Мирлан» базарында картоптың келісі – 115-120, қызылша – 70, сәбіз – 50-80 теңгеден сатылуда. Дегенмен, бірқатар сауда нүктелерінде түгесіліп қалған қанттың келісі – 240-250 теңгеге жеткен.

– Адамдарға ешбір азық-түлік таусылмайтынын түсіндіруге тырысамыз. Сонда да тұтынушылар алаңдаулы, себебі оларды өзгелердің қауесеті қорқытуда, – деді саудагер Гүлайым Жасыбекова.

Сауда жасап жүрген көпбалалы ана Гүлбану Әбішева саудагерлер азық-түлік бағасын еш себепсіз көтермесе дейді.

Рейд барысында «Алтындар» сауда үйіндегі ахуал да назардан тыс қалмады. Мұнда қанттың келісі – 203, картоп – 102, сәбіз  85 теңгеден. Сауда үйінің өкілдері тауардың барлық түрі жеткілікті екенін мәлімдеді.

Саудагерлер елдегі абыр-сабыр жағдай саудаларын қыздырғанын да айтып қалды. Осы тұста бағаны аспандатуға көтерме сауда иелері мен тауар өндірушілер себепкер болатынына қынжылыс білдірді.

Қалалық әкімдік өкілдері бұл күні қалаішілік маршруттағы автобустар мен тамақтану орындарындағы тазалық шараларынан да хабардар болды.

– Қаладағы сауда нүктелеріндегі азық-түлік бағасына күнделікті мониторинг жасап отырамыз. Әрине, негізсіз азық-түлік құнын қымбаттатқан жағдайда ескерту беріледі. Сақтандыру қорында азық-түлік жеткілікті. Тек қант тапшылығы бар. Жақын арада сақтандыру қорына 300 тоннадай қант алдырту жоспарлануда, – деді қала әкімінің орынбасары Бекжан Нұрланұлы.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

 

Азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына куә болған тұтынушы «109» нөміріне тегін қоңырау шалып, сауда орны туралы ақпаратпен және фото-бейне материалдармен бөлісе алады.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *