Оралдағы «Зәмзәм» кафесінде жалынды жастармен еркін тақырыпта кездесу өтті деп хабарлайды ҚМДБ-ның БҚО бойынша жастар секторы.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша жастар секторының жетекшісі Бейімбет Дүйсенәлі, облыстық орталық мешітінің наиб имамдары Наурыз Убаев пен Мейрамбек Әбдірахманов, Тәжіден Батырұлы мешітінің ұстазы Ринад Акимов уағыз-насихат жұмыстарына белсене кірісуде. Ақжайықтың дін қызметкерлері жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп отыр.
Дастархан басындағы әңгімеге «Имандылық – тәрбие негізі», «Ата-анаға құрмет –ұрпаққа міндет», «Жат ағымнан сақтан!» секілді өзекті тақырыптар арқау болды.
Облыстағы жастар секторының жетектісі Бейімбет Жамбылұлы өмірге, білімге, өнерге құштар жастардың алдында имандылық, адамгершілік хақында сөз қозғады. Сондай-ақ, жақсылық пен жамандықтың, тәртіп пен келеңсіздіктің арасын ажырата білу жөнінде тілге тиек етті. Қоғамға жат, түрлі діни ағымдардан аулақ болу жөніндегі тұжырымдарымен де жиналғандарға ой салды.
Жастардың қойған сауалдарына мешіттің наиб имамдары Наурыз Ибатұлы мен Мейрамбек Ақылбекұлы, ұстаз Ринад Нұрланұлы нақты жауап берді.
Өз тілшіміз