Бүгін Орал қаласының «Жастар» мәдениет үйінде әскер қатарына шақырылған жас сарбаздардың алғашқы легін салтанатты түрде әскерге шығарып салуға арналған шара өтті.
Салтанатты шараға Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, көктемгі әскерге шақыру науқанының басталғанынан хабардар етті. Ол ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен батыр бабаларымыз қорғаған даламыздың тыныштығын күзетуге аттанғалы отырған жас сарбаздарға ақ жол тіледі. Сондай-ақ осындай батыл әрі маңызды қадам жасаған жастардың ата-аналары мен ұстаздарына жақсы тәлім-тәрбие бергендері үшін алғыс білдірді.
Шарада Бақытжан Хаберұлы қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге үлес қосқан жоғары, арнаулы оқу орындары басшыларына қала әкімінің Алғыс хаттарын тапсырса, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы отырған жігіттерге арнайы сыйлықтар табыс етті.
Осыдан бір жарым жыл бұрын тұңғыш ұлын әскерден қарсы алған қала тұрғыны Нұргүл Айсағалиева бүгін ортаншы ұлын әскерге аттандырғалы тұр екен. Жас сарбаздың анасы әскерді ер баланың бойында мінез-құлықтың қалыптасуына көп септігін тигізетін мектеп санайды. Сондықтан ұлының бұл шешімін құп көрген.
-Өзім үш ұл тәрбиелеп отырған анамын. Үлкен ұлым әскер қатарында болды. Бүгін міне ортаншым әскерге шақырылды. Ер –азаматтың басты міндеті – өз Отанын қорғау. Сол қатарда менің ұлдарымның болғанын көру үлкен мақтаныш, — дейді.
Жас сарбаз Әлішер Жексенбай Алматы қаласы Наурызбай ауданы «Ақжар» шағынауданында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі №2027 әскери бөліміне шақырылыпты. Ол сөзінде:
Өз еркіммен әскерге баруға ұсыныс тастадым. Жуырда ғана Орал политехникалық колледжін «Электромеханика» мамандығы бойынша оқуымды тәмамдап, диплом алдым. Оқу бітіргеннен кейінгі негізгі ойым әскерге бару болды. Отаныма адал қызмет қылып, әскери борышымды өтеу — басты парызым, - деді.
Шара соңында жастарға жігер мен рух сезімін сыйлайтын патриоттық әндер шырқалды.
Гүлзинат ҚИБАТОВА,
Бейбарыс СҰЛТАННЫҢ суреттері