Қазақстанда абонент нөмірінің кодын 8-бен де, +7-мен де теріп (сақтап), қоңырау шалуға болады. Алайда бұл екеуінің айырмашылығы бар. Бұл туралы пайдалы ақпаратты Massaget.kz сайты ұсынады.
Бұл екі нөмірдің айырмасы қандай екені шетелде жүргенде білінеді. Ал Қазақстан мен Ресейде жүрсеңіз, еш айырмашылығы жоқ. Нөмірді 8-бен де, +7-мен де бастап хабарласа бересіз.
Ал шетелде жүрсеңіз, өкінішке орай, нөмірді 8-бен теріп хабарласа алмайсыз. Ол жақта тек +7 ғана жұмыс істейді. Сондықтан шетелге шыққалы жатсаңыз, нөмірлердің барлығын +7-мен жазып алғаныңыз жөн. Неге Қазақстан мен Ресейдің ұялы телефон нөмірлері 8-ден басталады дегенге келсек, оның себебі қарапайым.
КСРО кезінде 1-ден 7-ге дейінгі нөмірлердің барлығы өрт, жедел жәрдем, құтқару, төтенше жағдай сынды арнайы қызметке телініп, тек 8 нөмірі ғана бос қалған. Содан үй телефоны мен ұялы телефонның нөмірлерін 8-ден бастап теруге тура келген. Қазір +7 мен 8 қатар қолданылады.