Алғыс ату күнінде «Харекет» қайырымдылық қорының бастамасымен жерлесіміз көпбалалы, жалғызбасты ана Жадыра Әбденова баспаналы болды.
Бұл күні «Харекет» қайырымдылық қоры Бөрлі аудандық мәдениет орталығы жанынан құрылған «Мұрагер» халықтық театрымен бірлесе отырып. «Жалғанған үміт» қойылымын көрермендерге ұсынды.
Бұған дейін өңірімздің тоғыз ауданы мен бес ауылдық округті аралап аталмыш қойылымды сахналады. Он жеті күнге жалғасқан гастролдік сапардың соңғы аялдамасы Орал қаласы болды. Бірінші наурыз күні Н.Островский атындағы театрда «Жалғанған үміт» қойылымы өтті. Қойылымда қарттар үйінің тұрғындарының өмірі суреттелді. Мұнда тұратын қарияларымыз нендей жағдай болмасын өз қарашаңырақтарын аңсайтындығы, ата-ананың балаға деген мейірімі, олардың арасындағы қарым-қатынасы баяндалды.
Шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат — жастар арасында ата-ананың қадір-қасиетін бағалау, ізгілікке, мейірімділікке шақыру.
«Жалғанған үміт» қойылымынан түскен қаражат толықтай «Харекет» қайырымдылық қорына аударылып, нәтижесінде жерлесіміз көпбалалы, жалғызбасты ана Жадыра Қазиқызына орталық базар ауданы маңынан екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды.
Осылайша алғыс айту күнінде Жадыра Қазиқызы барша халыққа, ұйымдастырушыларға алғысын жаудырып, ризашылығын жеткізді.
«PULS» ақпарат