Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы қолға алған «Жұлдызды отбасы» жобасының кезекті кездесуі Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының мақтаулы өнерпаздары, актерлар Ербол және Елена Есендосовтардың өмірі мен өнер жолын дәріптеуге арналды.
Кеш басталар алдында жұлдызды жұп пен шара қонақтары Қадыр ақынның рухына тәу етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Ғұмырсахна» атты айрықша атау берілген кеш «Жалт еткен сәуле» қойылымынан үзіндімен басталды.
Өмірде де, өнерде де жұп жарастырып, ел-жұртқа шынайы сезімдерімен, ақ адал ниеттерімен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, шаңырақ шаттығын еселеуімен үлгі болып жүрген Ербол мен Еленаға өздері еңбек ететін театрдағы аға буын әріптестері – ардагер Құжырғали Төлеуішов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сердеш Қажымұратов, актриса Бақытгүл Жақыпова ақ баталарын берді. Ал Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Салтанат Абулғазиева ұжымындағы белді де беделді әріптестері жайлы мақтанышпен баяндап, ерекше ықыласын білдірді.
Бұл кеш өзгелерінен өзгеше өрбіді. Кеш кейіпкерлері жиылған көрерменмен әңгіме-дүкен құрып қана қоймай, бойларына жиған саф алтындай өнерлерін ортаға салды. Есендосовтар қосыла шырқаған ән көпшіліктің көңілін тербетсе, актер Ербол ойнаған қойылымдардан келтірілген үзінділер мен монологтар, кәсіби биші Еленаның мың бұралған биі көрермен тарапынан ерекше қошеметке ие болды. Бойларына талант тұнған жұлдызды жұптың перзенттері де мықты болуы – заңдылық. Осы ретте қыздары Тоғжан Мағзомованың ерекше толқыныспен оқыған монологы – соның айқын дәлелі.
Әсерлі де әдемі кеш әулеттің үлкені – Күлән анамыздың алғысқа толы ақ батасымен түйінделді. Ел-жұртты жарасымымен, жақсылығымен, табиғи таланттарымен таңғалдырған Есендосовтар елге әлі талай әсем кеш сыйларына сеніміміз мол.
Х.Бөкеева атындағы облыстық
қазақ драма театрының ақпарат бөлімі
(сурет Қадыр Мырза Әлі орталығынан)