Жуырда өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Хасан Аманқұловпен жүздесіп, аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.
Дін саласы бүгінде өзекті мәселеге айналған, бас ауыртар жайттардың біріне айналды. Әрине, оны күрделендіріп, үрейлі құбылысқа айналдырып жүрген дін атын жамылған кейбір жалған ағым өкілдері. Осы ретте «Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген тәмсіл еске түседі. Дін саласының мамандары тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, жаза басып теріс діни ағымның құқайын көрген азаматтарды оңалту, түсіндіру жұмыстарын жоспарлы түрде іске асырып келеді.
Осы мақсатпен Батыс Қазақстан облысына арнайы ат басын бұрған РАНТ мүшесі Х.Аманқұлов сапар барысында мешіт жамағатымен, түзету мекемесіндегі діндар сотталушылармен, мемлекеттік қызметкерлермен, экстремизм бабымен жазасын өтеп келген ер-азаматтармен жүздесті.
– Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында шығып жатқан пәтуалар түсіндірілді. Халықты бірлікке, заң мен тәртіпке бағынуға шақыру мақсатында уағыз-насихаттар айтылды. Әңгімелесулер барысында батысқазақстандық әріптестеріміздің, имамдар мен теологтардың, дін саласы мамандарының жұмысы нәтиже беріп жатқанын көрдік. Теріс пиғылдылардың соңынан ерген тұрғындардан дұрыс бағытқа бетбұрыс байқалды, – деді Хасан Ташайұлы.
Темір торда отырған жазасын өтеушілердің арасында да дінді ұстанып жүргендері баршылық. Дегенмен, ол жақтағы жағдай әртүрлі болғандықтан, мейманға ғибадат мәселесіне байланысты сауалдар көп қойылған. Сонымен қатар тұрғындар қоғамдағы өзекті мәселелерді алға тартып, несие алу, халал несие, тұтыну кооперативтері, желілік маркетингтер, отбасылық проблемаларға байланысты алаңдаушылық білдіріпті. Барлық сұрақтарды, ой-пікірлерді зерделеген ҚМДБ өкілі өңірдегі басқосулар ешқандай қолайсыздық туғызбағанын айтты.
– Әрине, бес-алты жыл бұрынғы діни ахуал мен қазіргі жағдайды мүлдем салыстыруға келмейді. Түрмеде отырған немесе жазасын өтеп қайтқан жандар бұрынғыдай агрессивті мінез-құлық көрсетпейді. Ол уақыттарда жат ағымға шырмалған жігіттердің жүріс-тұрысы басқаша болатын. Ал қазір сәл жұмсарған секілді. Бұл да – бірлескен жұмыстың нәтижесі, – дейді кейіпкеріміз. Дегенмен, әлі де салғырттық танытуға болмайды. Себебі бір кездері адасқан жерлестеріміздің отбасы, бала-шағасы бар. Олар зардап шекпеуі тиіс. Дін саласы өкілдерінің де мақсаты осы – ұстанған бағыттарының дұрыс-бұрыстығын ажыратуға себепші болу. Жалпы елімізде діни бірлестіктердің жұмысын реттейтін заң, түсіндіру және оңалту жұмыстарымен айналысатын мемлекеттік мекемелер бар.
Хасан Ташайұлы біздің өңірімізде теолог маманға сұраныстың жоғары екенін жасырмады. Өз саласы бойынша АҚШ-та жұмыс сапарымен болған мейман әлемдік тәжірибемен де бөлісті. Айтуынша, мұхиттың арғы жағындағы алып елде «капилан» деген қызмет түрі бар екен. Яғни, әрі әскери мектепте оқыған, әрі діни білімі бар әскери қызметкер дін мәселелеріне де жауап береді. Олар әскери ортада туындаған діни мәселелерді сыртқа шығармай, ішкі тәртіпке сай шешімін табады. Мұндай лауазым түрмелерде де бар көрінеді. Сонымен қатар америкалық полиция қызметі саласында дінді жетік білетін қызметкерлер болады екен. Олар ислам дінінің қағидалары бойынша тәртіп сақшыларымен оқытулар жүргізеді.
РАНТ мүшесі біздің мемлекетімізге де осындай тәжірибе қажет екенін жеткізді. Оның ойынша, әрбір мекемеде дін саласының арнайы маманы болу керек. Өйткені, мешіттерде, теология саласында мамандар тапшы. «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде, медреселерде даярланып жатқан шәкірттер болашақта осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етеріне сенімді.
2003 жылдан бері дін саласында жұмыс жасап келе жатқан Х.Аманқұлов бұрынғыдай сақал өсіргеннің бәрінен үрейленудің қисыны жоқ екенін айтты. Ең басты мәселе – идеологияда. Сириядан оралған қазақстандықтарға да кінә арту дұрыс емес деп санайды. Бұл – біздің ортақ «дертіміз». Ендігі міндет – оларды оңалту.
– Адамды дінге мәжбүрлеуге дініміз рұқсат етпейді. Сол сияқты Әбу-Ханифа мәзхабын ұстануға ешкімді міндеттей алмаймыз. Дәстүрлі емес дін жолында жүргендер дәстүрлі бағытқа шын ниетімен бет бұруы немесе сондай сыңай танытып алдауы да мүмкін, – деген Хасан Ташайұлы соңғыларынан сақтану керектігін ескертті.
Маманның сөзінің жаны бар. Демек, қауіп бұлты әлі сейілмей тұр. Сондықтан дінге қызығушылық танытқан адамдар осы саланың білікті мамандарынан кеңес алып, діни сауаттылығының беріктігіне көз жеткізгені дұрыс. Өз бетімен дінге бет бұрып, намаз оқып, әдемі сөйлейтіндердің сізді дұрыс жолдан тайдырмасына кім кепіл?!
Ләззат ҚАЖЫМОВА