2020 жылдың 25 ақпанында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары М. Манкеевтің төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті.
Отырыс барысында басты тақырыпта «Көктем-2020» республикалық командалық штабтық оқу жаттығуларын өткізу мәселесі және көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі пысықталды.
Қазақстан Республикасы ІІМ ұйымдастыру нұсқауларына сәйкес 2020 жылдың 25-26 ақпан аралығында «Көктем-2020» республикалық командалық штабтық оқу жаттығулары өткізілуде. Оқу-жаттығуларға облыстық, қалалық және аудандық азаматтық қорғау қызметтері қатысуда.
Оқу-жаттығуға Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының ТЖМ өкілдері шақырылды. Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары және азаматтық қорғаудың аумақтық құралымдары жөніндегі ережелер түзетілді. Оқу-жаттығу тақырыбы бойынша авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының, азаматтық қорғау қызметтерінің бөлімшелері авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізудің тәжірибелік іс-қимылдарының ұтыс ойынын өткізу бойынша оқу орындарында тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізді.
Жергілікті атқарушы органдардың дайындығын тексеру үшін республикалық штаб делдалы подполковник Бекболат Абдыкадыров Бәйтерек, Бөрлі, Тасқала, Теректі, Ақжайық және Казталов аудандарына барып тексерді.
Отырыс соңында комиссия төрағасы азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің облыстық аумақтық кіші жүйесінің басқару органдарының басшыларын «Көктем-2020» республикалық командалық штабтық оқу жаттығуларын өткізуге жауапкершілікпен қарауға шақырды және су тасқыны кезіндегі басты міндет — су тасқынын апатсыз өткізу және су қоймаларына қажетті мөлшерде су жинау екенін еске салды.
БҚО ТЖД ЗҚА және АҚСББ