Бүгін Оралдағы «Арба» қоғамдық бірлестігі мүшелері Мемлекет басшысының «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевпен және «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаевпен кездесіп, осы мәселені талқылады.
Билік өкілдерімен галстуксіз өткен жүздесу барысында ел болашағына ықпал етер игі істер, биылғы Еріктілер жылының халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы үшін маңызы, қоғамдағы мүгедек жандардың мәселесі сөз болды.
«Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова өз тағдырластарына қоғамның қолдауы аса қажет екенін жеткізді. – Бүгінгі басқосуымыздың мақсаты да – осы. Қоғам мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлерін, түйткілді мәселелерін жергіліеті билік өкілдеріне құлаққағыс қылмақ. 2009 жылы ашылған бірлестігімізде атқарылған жұмыс аз емес. Алдағы уақытта біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үлкен орталық ашылса деген тілегіміз бар. Сонымен қатар биыл – Еріктілер жылы. Ал еріктілер көбінесе мүгедек адамдарға жәрдемдесуге аса құлықты емес, – деді Гүлмира Асқарқызы.
Алдымен меймандарға бес жыл бұрын қолға алынған «Болашаққа көзқарас» әлеуметтік жобасы жайлы бейнеүзік көрсетілді. Облыстық Ассамблеямен бірлесе жүзеге асырылған аталмыш жобаны содан бері кәріс этномәдени орталығы мен «Арба» қоғамдық бірлестігі өзара жандандырып келеді. Өз кезегінде кәріс этномәдени орталығы өкілі, медицина маманы Виталий Ан «Арба» қоғамдық бірлестігінде ашылған массаж бөлмесінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға қауіпсіз массаж тәсілдерін тегін үйрете бастаған. Бүгінде білікті маманның тәлімін алған мүгедек жандар игерген кәсіптері арқылы нәпақаларын таба бастаған. Виталий Анның айтуынша, арбаға таңылған жандардың еңбекке құштарлығы жоғары.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Рахметоллаұлы: – Еріктілер осындай ұйымдарға қолұшын созуы тиіс. Күні кеше өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы балалар үйінде болып, осы санаттағы жандарға қамқорлық танытудың жақсы үлгісін көрсетті. Осы үрдіс мемлекеттік қызметкерлер тарапынан жалғасын табуы керектігін айтты, – деді.
Ал көшбасшы партияның облыстық филиалының өкілі М.Мұқаев мұндай мәжілістер оң нәтижеге бағытталуы керектігіне басымдық берді. – Еріктілер қозғалысын жандандыру тек жастардың жұмысы деген қате түсініктен арылу керек. Оқушылардан бастап жасы үлкен адамдарға дейін бұл іске атсалыса алады. Облыстық партия төрағасының бастамасымен депутаттар да ұжымдарымен бірге игі істер жасауға күш салуда, – деген Мұрат Рахметұлы Еріктілер қозғалысының жеті бағытына тоқталды.
Жиынға қатысқан БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораш мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыстануға өз замандастарының жүрексінетінін жасырмады. Сол себепті Еріктілер жылы аясында аталған санаттағы тұрғындармен қарым-қатынас жасауға үйрететін оқытулар ұйымдастыру жоспарланған. Басқарма өкілі бүгінгі таңда өңірімізде ашылған www.volunteer07.kz сайтына тіркелуге шақырды.
Студенттік жылдардан бастап еріктілер қозғалысын дамытуға үлес қосып, үздіктер қатарынан көрініп үлгерген Ерлік Шамғалиев – қазіргі таңда «Jas Otan» ЖҚ облыстық филиалы төрағасының орынбасары. Облыс жастарының бастамасымен іске қосылған жобалар туралы хабардар еткен Е.Шамғалиев мүмкіндігі шектеулі жерлестерімізге де қолдау көрсеуге дайын екендерін мәлімдеді.
Кездесуге келген Күләш Құспанова мүгедек бала тәрбиелеп отырғанын, сондай тағдыр тауқыметін тартып жүрген аналармен бірге мүмкіндік шектеулі балаларға медициналық-әлеуметтік қолдау көрсететін «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігіне барып жүргенін жеткізді. Аталмыш бірлестіктің ғимараты дімкәс балалар мен оларға ем-дом жасайтын мамандарға қолайсыздық тудыратынын айтқан ана осы мәселе шешімін тапса деген ұсынысын білдірді.
Ғимараттың бір бөлігіне ғана орналасқан «Арба» қоғамдық бірлестігінің мүшелері сол аядай орынның өзінің тынысын кеңейткен. Мұндағы шеберхана, асхана, тігін ательесі, массаж, демалыс, компьютер бөлмелерін аралап көрген облыс әкімінің орынбасары С.Егізбаев қоғам мүшелерінің келелі мәселелерін де ескеретіндерін айтты.
Ләззат ҚАЖЫМОВА