Би өнерінің бірі брейк-данс 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына уақытша енген болатын.
Бүгін Оралда «Сенің мәнерің -Твой стиль» атты брэйк-данстан қалалық чемпионат өтті. Би жарысына жүзге жуық өнерлі жас қатысуда.
Чемпионат Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен Батыс Қазақстан облысының брейк-данстан өңірлік федерациясы ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Қатысушылар жарыста би түрінің әр түрлі номинациялары бойынша жас ерекшеліктеріне қарай бақ сынап жатыр. Олар топтық, қыздар мен ұлдар болып, брейк-данстан екеуара батл жасауда.
Брейк-данс - өте танымал би түрі. Біз салауатты өмір салтын би билеу арқылы қалыптастырудамыз. Бүгінгі қалалық чемпионат көктемгі облыстық би байқауына дайындық іспетті. Жарысқа қош келдіңіздер, сәттілік тілеймін! – деді Батыс Қазақстан облысының брейк-данстан өңірлік федерациясының басшысы әрі жарыстың бас ұйымдастырушысы Сағындық Дагаров.
Гүлзинат ҚИБАТОВА