Оралда 24 ақпан, күндізгі сағат 11.35-те «102» телефон нөміріне бейтаныс біреу хабарласып, «Учужный затон» саяжай қоғамы аумағындағы орман ішінде адасып, кері қайтатын жолды таба алмай қалғанын айтады.
Дабылды қоңырауды қабылдаған Абай полиция бөліміне қарасты №1 учаскелік полиция пункітінің аға инспекторы, полиция майоры Нұрбек Мансуров пен учаскелік полиция инспекторлары, қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің төрт қызметкері дереу жоғалған азаматты іздеуге кіріседі. Қаланың «Коминтерн» ауданын аралап шыққан олар жоғалған адамды таба алмайды.
Кеш түсе іздестіру жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 32 қызметкері, Абай полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметінің жауапты басшылары мен жеке құрамы, Шаған полиция бөлімінен он қызметкер, Абай полиция бөлімінен жиырма қызметкер, құрамында бес қызметкері бар жедел-тергеу тобы жұмылдырылып, тоғайға бет алады. Бұған қосымша іздестіруге төтеншеліктердің «Буран» атты қар үстінде жүретін екі арнайы техникасы мен төрт қызметтік көлігі, облыстық кинологиялық орталықтың екі қызметтік иісшіл иті, Абай полиция бөлімінен бір қызметтік ит тартылады. Жұмылған барлық қызмет ағаш, бұта, тал-терек, қалтарыстарды мұқият қарап іздеуді жалғастырады. Тоғайдың «Буран» техникасы жүре алмайтын тұстарын төтеншеліктер аңшы шаңғысымен жүріп өтеді. Кешкі сағат 21.00 шамасында бұған дейін қай бағытта екенін тұспалдап айтып отырған жоғалған азаматтың телефоны өшіп, байланыс үзіледі.
Абырой болғанда, жаяу адамның ізі табылып, түнімен іздеген із кесушілер түнгі сағат 1.00-де жоғалған кісіні табады. Оның тоңғаны сонша, сөйлеуге дәрмені жоқ күйде болған. Қазір ол облыстық ауруханада медициналық ем алуда. Тәртіп сақшыларына белгілі болғаны, жоғалған азамат 1994 жылғы Орал қаласының тұрғыны екен. Отбасылы, үш баласы бар. Осылайша, шиеттей балаларының көз жасына жоғалған азамат аман-есен табылды. Сауығып, бірер күннен соң отбасымен табысады.
Ауа райының суықтығына қарамастан өз міндеттерін мүлтіксіз атқарған облыстағы төтеншеліктер мен полиция қызметкерлерінің жауапкершілігіне жоғалған азаматтың жанұясы ризашылығын білдіруде.