Қар тазалау жұмыстары күшейтілуде

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев пен қала әкімі Мұрат Мұқаев қаланың көктемде су басу қаупі басым аудандарын аралап, қар тазалау жұмыстарының барысымен танысты.

Биылғы қыс айларында түскен қар мөлшері жылдағыдан асып түскендіктен, төтеншеліктер көктемгі су басу қауіптілігі жоғары деп дабыл қағуда. Қазіргі таңда қаладағы жауапты мекемелер ірі мекеме-кәсіпорындардың көмегімен қар тазалау жұмыстарына күш салуда. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Мұқаев айтып өтті.

«Қала бойынша өткен жылдың қараша айынан бастап 250-дей техника қар тазалау жұмыстарымен айналысуда. Бұл жұмысқа Оралдағы ірі мекеме-кәсіпорындардың техникалары жұмылдырылды. Қардың мол түсуіне байланысты оны тасымалдау шаралары күндіз-түні жүргізілуде. Биылғы қыс мезгілінде қар өткен жылмен салыстырғанда сегіз есе көп тасымалдануда. Ауа райы бір аптадан соң күрт жылынуы ықтимал. Қала көшелеріне жиналған қарды тасу, арықтарды тазалау жұмыстары әлі де жалғасады», — деді Мұрат Мұқаев журналистерге берген сұқбатында.

Өз сөзінде қала әкімі шаһардағы пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына да тоқталды. Олардың бірқатары қаланы қардан арылту жұмыстарына өз үлестерін қосып жатса, кейбірі әлі де салғырттық танытуда. Қала тазалығын сақтау ережесіне бағынбағандарға байланысты 134 материал толтырылса, соның ішінде он шақты пәтер иелері кооперативі де жауапқа тартылған. Оларға 20-40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салыныпты.

Әрине, жауапты мекемелер өздеріне бекітілген жұмысты атқаруда. Осы ретте тұрғындар да жауапсыздық танытпай, өз аулаларындағы қарды уақтылы шығарып, үйлерін су басу қаупінің алдын алуы тиіс.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *