Қаңтар айы басталғалы Орал қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері бірнеше қылмыстарға тосқауыл болып, тіркелген қылмыстардың көпшілігін ізін суытпай ашып келеді.
Жуырда криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері 2020 жылғы 29 қаңтар күнгі кешкі сағат 18.00 мен 30 қаңтар күнгі сағат 10.00 аралығында салынып жатқан, құрылысы әлі бітпеген үйлердің пластик терезелерін сындырып, ішке еніп, ұрлыққа жол берген тұлғаларды анықтады. Олар «Астана» ықшам ауданындағы бір үйден құрылыс заттарын, бұйымдарын және үй жылытатын көлемді пештерді ұрлау үстінде құрықталды. 1992 жылғы үй иесіне 210 мың теңге шығын келді.
Қылмыстық топ құрамындағы үш жігіт 3 үйге ұрлыққа түскендерін толықтай мойындады. Олардың біреуі Алматы облысының тұрғыны екені анықталса, екеуі Орал қаласының тұрғындары екен. Қазіргі таңда жылыту пештерін ұрлаған тұлғалардың бірі РУ 170/1 мекемесіне қамауға жабылды. Екі тұлғаның қолынан ешқайда кетпейтіні, қаладан еш жерге шықпайтыны туралы қолхат алынды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары екеуінің бұған дейін істі болғанын, бірінің сотталмағанын анықтады. Үш күдіктінің қолындағы ұрланған айғақ заттар тәркіленіп, өз иелеріне қайтарылуда. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын да есептелуде.
Орал қалалық ПБ ҚР ҚК-нің 188 бабының 3 бөліміне сай 3 эпизодпен қылмыстық істі қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде.
Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі