Досына ажал құштырған оралдық жігітке үкім шығарылды

Өткен жылдың жаз айында достарын сәбиінің дүниеге келуімен құттықтай барған жігіттер үшін бұл күн қайғымен аяқталды. Бүгін БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот кінәлі деп танылған күдіктінің қылмысы дәлелденгенін жария етті.

Ашық сот отырысында судья Шара Зайнуллина сот күдікті ретінде тергеуге алынған 1988 жылы туған Замир Рысмұхамбетовке қатысты қылмыстық істі қарап, оны ҚР ҚК-нің 99-бабы, 1-бөлігімен адам өлтіргені үшін кінәлі деп тапқанын мәлімдеді.

Бір отбасынан жалғыз ұлынан айырған бұл жантүршігерлік оқиға 2019 жылдың маусым айында орын алған. Аталған себеппен достарының қуанышын бөлісе барған үшеу үй иесімен бірге аулада түнгі уақытта кәуап жеп, ішімдік ішкен. Бір мезетте ащы судың уытына әбден еліткен Замир Рысмұхамбетов пен Артур Біржанов аулада екеуден-екеу қалып қояды. Кенеттен олардың арасында туындаған жанжал бірінің өліміне себепші болған. Яғни, 31 жасар З.Рысмұхамбетов досының жүрек тұсына қолындағы кәуабы желінген шампурдың өткір жүзін сұғып алады. Небары отыз жастағы А.Біржановқа осы соққының өзі жеткілікті болып, бақиға аттанып кете барады.

Бастапқыда сотта күдікті өз кінәсін ішінара мойындап, жолдасын өлтіру ойында болмағанын, барлығы абайсызда орын алғанын айтып ақталған. Дегенмен, оның алғашында берген жауаптары, оқиға болған жерді тексеру барысы, сот-медициналық сараптама қорытындылары, сарапшылар мен куәлардың көрсеткіштері жәбірленушіні қасақана өлтіргенін дәлелдеген.

Осылайша адам өлтіріп, аса ауыр қылмыс жасаған шиттей төрт сәбидің әкесі 11 жылды арқалап темір тордың ар жағына кете барды. Тіпті төртінші баласы жуырда ғана, әкесі қамауда отырғанда өмірге келіпті.

– Сот жаза тағайындауда қылмыстың қоғамға қауіптілігі мен сипатын, кінәлінің жеке қасиеттерін, төрт баласының барын, қылмысын ішінара мойындап өкінетінін, алайда жазасын ауырлататын мән-жайлар ретінде адам өлтіру әрекетін масаң күйде жасағанын, жәбірленуші тараптың пікірлерін, заң бойынша жазаның сегіз-он бес жыл аралығында көзделгенін ескерді. Сотталушы өз жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар жәбірленуші марқұмның анасы мен зайыбының жалпы сомасы үш миллион теңге көлеміндегі моральдық және материалдық шығындарын өтеу жөніндегі талаптары ішінара қанағаттандырылды, – деді судья Ш.Зайнуллина. Ал үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қара жамылған ана Айжан Біржанова жалғыз ұлының артында 2,5 жастағы сәбиі мен жары қалғанын айтты. Жәбірленуші тарап үкіммен келісетіндерін жеткізді.

Бір үйдің жалғыз перзентін ажал құштырып, отызда орда бұзар жасты қылмысқа итермелеген – тағы да сол қу арақ. Ащы судың зәрін жеңуге олардың арасындағы достықтың да күші жетпеген.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *