Бүгін Батыс Қазақстан облысында өткен «Жайық қыраны-2020» құсбегілер турнирі жеңімпаздарының есімдері белгілі болды.
Екі күнге жалғасқан ұлттық спорт түрінен сайысқа қатысқан құсбегілер бірнеше кезең бойынша бүркіт, қаршыға, ителгілерінің бабы мен бағын сынаған болатын. Нәтижесінде үміткерлердің баптаған құстарының ішінен алғырлығымен, мықтылығымен, шапшаңдығымен көзге түскендері жүлделі орындарға ие болды.
Қаршығалар арасындағы сайыста алматылық Сағыныш Баетбай «Көкжендет» есімді құсымен жеңімпаз атанса, осы облыстың құсбегісі Қуаныш Исабеков «Жұлдызбек» есімді ителгісімен жеңіске жетті. Қос жеңімпаз 50 мың теңге қаржылай жүлдені қанжығаларына байлады. Ал «Алғыр» атты қыран бүркітімен жеңіс тұғырынан көрінген елордалық бүркітші Серікбек Күнтуған 100 мың теңгеге ие болды. Сондай-ақ нұрсұлтандық Ерасыл Серікбекұлының «Чипок» және маңғыстаулық Ержан Сахарбайдың «Тастүлек» атты қаршығалары екінші және үшінші орындарды өзара бөліссе, атыраулық Арман Кушкаровтың «Сомбалақ» және маңғыстаулық Айшуақ Таймановтың «Ақбалақ» атты қаршығалары да осы жүлделі орындардан көрінді. Жүлдегерлерге 30, 20 мың теңге қаржылай сыйлықтар табысталды. Ал бүркітшілер арасындағы сайыста екінші, үшінші орындарды қанағат тұтқан алматылық Ғабит Таңатов («Өткір») пен маңғыстаулық А.Таймановқа («Ақбалағы») 70, 50 мың теңге қаржылай сый-сияпат берілді.
Халқымыздың ұлттық мұрасын насихаттап жүрген құсбегілер тағы бір мәрте Жайық жерінде болып, көрерменді тәрбиелік мәні зор шараға кенелтті.
Ләззат ҚАЖЫМОВА