Бүгін Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданы Сарыөмір ауылында республикалық «Жайық қыраны-2020» құсбегілер турнирі басталды.
Турнирге Алматы, Павлодар, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау, Көкшетау облыстарының құсбегілері қатысып, қансонардың қызығына бөленуде. Қазақстандық құсбегілер 13 бүркітті, сондай-ақ қаршыға мен ителгілерді сайысқа қосып, бақтары мен баптарын сынауда.
Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов пен БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева Ақ Жайыққа әр аймақтан жиылған құсбегілерге «қош келдіңіз» айтып, жарыста сәттілік тіледі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті, спортты дамыту дирекциясының құсбегіліктен мемлекеттік аға жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы аталған ұлттық спорт түрін дамытуда кенже қалған батысқазақстандықтар келешекте осы көшке ілесеріне сенім білдірді. Сондай-ақ турнирді ұйымдастырған аудан әкімдігіне, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының төрағасы Айболат Құрымбаевқа өз алғысын жеткізді.
Республикалық сайыс «Қолға шақыру», «Еркін ұшыру», «Шырға тарту», «Қоянға салу», «Түлкіге салу» сынды кезеңдерден құралған. Алғашқы күнгі қатты жел сайысқа қатысатын құстарды тау басынан ұшыруға мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар «Қолға шақыру» сайысында құсбегілердің құсын қиқулап шақыру ара қашықтығын 300 метрге дейін жақындатуға тура келді. Дегенмен, бұған дейін де көптеген түрлі деңгейдегі турнирлерде өнер көрсеткен қыран құстар сыр алдырмай, иелерінің үмітін ақтады. Бұл күні көрермен қаршыға, ителгілерді шырға тарту, қоянға салу өнерлерін тамашалады.
Жарыстың бас төрешісі Дулат Маратұлының айтуынша, еліміздің бірқатар аймағында ұлттық спорттың бұл түрі кеңінен дамып, құсбегілікпен айналысатын адамдар қатары көбеюде. Қостанай, Батыс Қазақстан, Петропавл облыстары ұлттық өнерді ұлықтау ісінде қалыс қалғанына қынжылды.
– Ұлттық өнерді дамытуда Ақмола облысы белсенділік танытып, қомақты жүлде қорын бөліп келеді. Үш жыл қатарынан осындай турнирдің жеңімпазына «Нива» автокөлігін тікті. Алматы облысындағы «Қансонар» қауымдастығының атқарушы директоры Бағдат Мөлтекеқызы да отыз жылдан бері осы ұлттық өнерді облыс көлемінде насихаттауға, демеушілер тартуға зор үлес қосып жүр, – бас төреші.
Өнердің төресі саналатын құсбегілікті жандарына серік етіп, қолдарына құс қондырған бүркітшілердің демеушілері де осал еместігі байқалды. Мысалы, көкшетаулық құсбегілер өздерінің бас демеушілері «Тұран» компаниясының атауын айрықша атап өтті. Алматылық сайысқа қатысушы Қуаныш Исабеков атадан балаға жалғасқан мирас өнерді бір әулеттің шеңберімен шектеуге болмайтынын, бұл – қазақ халқының ертеден келе жатқан ұлттық құндылығы екенін айтты.
Бүркітшілер өздері қолға ұстап үйреткен құстарын «қолбала» және «түз» деп екіге бөледі екен. Алғашқысы – ұядан алынған, ал соңғысы – тормен ұстап қолға үйретілгені. Дегенмен, қай-қайсысында да үлкен еңбек жатқаны сөзсіз. Оларды қолға үйретіп, баптап-баулып, жаттықтырып жүрген құсбегілер ұлттық болмысымызды айшықтап, оны жаңғыртуға сүбелі үлес қосуда.
Тағы бір айта кетерлігі, Ақ Жайықта ұйымдастырылған бүркітшілер бәсекесін тамашалауға көршілес Ресей елінің азаматтары да арнайы келіпті. «Жайық қыраны-2020» республикалық турнирі ертең өз мәресіне жетеді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА