Бүгін қаламызда Орал қаласының қоғамдық Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Кеңес отырысы қала әкімі Абат Шыныбековтің жиынға қатысушыларды жаңа жылмен құттықтауымен басталып, 2019 жылда атқарылған жұмыстардың есебімен жалғасты.
Қазіргі таңда қаламызда 314 мыңнан астам адам тұрады. Халық саны 2 пайызға артқан. Бұл халықтың өсуінде тенденция барын аңғартып отыр.
Ел экономикасының тұрақты өсу нәтижесінде облыс орталығының бюджеті 53,6 млрд. теңгеге жеткен. 2018 жылмен салыстырғандағы 30%-ға жоғарылаған қала қазынасының 2019 жылы 49 %–ы әлеуметтік салаға, ал 23 пайызы – құрылыс, 17 пайызы коммуналдық шаруаларға жұмсалыпты.
Сондай-ақ, жиында халықты баспанамен қамту мәселесі айтылды.
Қазіргі таңда 20 мыңға жуық оралдық тұрғын үй кезегінде тұр. Қала тұрғындарының жағдайын жақсарту бағытында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 123 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы басталды. Осы бағдарлама аясында 41 мың шаршы метр болатын 6 көп пәтерлі үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді, – деді шаһар басшысы.
Қазіргі таңда қала бойынша 41 үй апатты, 200-ден астамы ескі деп танылған. Бағдарлама басталғалы 17 үй сүріліп, Құрманғалиев,3, Скоробогатов 65/1 мекенжайларында көпқабатты үй бой көтерген.
Жыл сайынғы коммуналдық саладағы инженерлік желілерді жаңғырту мақсатында 2019 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 12,1 мың шақырым желі жаңартылған.
Сонымен қатар Абат Абайұлы кеңесте қаламыздағы жол, қоғамдық көлік, қаланы абаттандыру, еңбек нарығы, әлеуметтік қамсыздандыру жайында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Білім саласы бойынша қаламызда апатты деп танылған №31 және №33 мектеп құрылысының ЖСҚ сараптамасынан оң қорытынды алынып, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы жылғы оқу жылында үш ауысымды 5 мектеп оқушыларға білім беруде. Сарытау шағынауданындағы 900 орындық №50 білім ошағы 2019 жылдың қаңтар айынан оқу процессін бастаған.
Сондай-ақ, шаһар басшысы өз есебінде «109 iKomek» мониторинг және жедел әрекет ету байланыс орталығын енгізгелі қалалық қызметке шағымданатын азаматтар санының төмендегін айтып өтті.
Жиын Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеров пен қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Нұрбаевтің өткен жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылауымен аяқталды.
Гүлзинат ҚИБАТОВА