Әйелдер әлеуеті сөз болды

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы БҚО филиалы «Әйелдердің әлеуетін арттыру және оларды шешім қабылдау деңгейіне көтеру» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Жиынға өңірдегі саяси партиялардың басшылары, Үкіметтік емес ұйымдар мен  сараптамалық қауымдастық өкілдері, азаматтық белсенділер және Атырау, Ақтөбе облысындағы аталмыш партия филиалының басшылары қатысты.

Дөңгелек үстелде бас қосқандар әйел-азаматшалардың қоғамдағы рөлі, көшбасшылық қасиеті туралы сөз қозғады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 2013 жылы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясында Әйелдер қанаты құрылған. Сонымен қатар партия – халықаралық әйелдер социалистік интернационалының ресми өкілі. Осы ретте ЖСДП мемлекеттік билік деңгейінде әйелдер мәселесін қозғап келеді.

Жалпы бұл партияның құрамы 68 пайыз нәзік жандардан құралған екен. Облыстық филиалдардың тізгінін алты әйел-азаматша алып отырса, солардың бірі – партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы, Президиум мүшесі Қадиша Мұқанова.

–   Бүгінде әлемнің дамуы демократиялық қоғамда әйелдің рөлі белгіленбесе, үйлесімді дами алмайтындығын көрсетеді. Біздің партия әйелдердің мүдделерін барынша жоғары қою және қорғау міндетін өзіне жүктеген болатын.  Сондықтан осындай құндылықтарды әрбір аймақ пен елді мекенге жеткізетін уақыт келді. Әйелдердің қоғамдық мәртебесі мен әлеуметтік қал-жағдайы – өрлеудің, ел мен ұлт келешегінің шынайы өлшеуіші. Олардың азаматтық белсенділігі – өз құқықтары және жарқын болашағы үшін бүкіл қоғамды жұмылдырудың тиімді жолы, – дейді Қадиша Халыққызы.

Дөңгелек үстел соңында ЖСДП Әйелдер қанаты мүшелерінің қарары қабылданды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *