Қаңтардың 14-і күні шамамен түнгі сағат 03.18-де облыстық патрульдік полиция батальонының инспекторлары Үшінші саяжай қоғамынан масаң күйде көлік тізгіндеген жүргізушіні анықтады деп хабарлайды Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Оның құжаттарын тексере келе инспекторлар бұл азаматтың өткен жылы көлік жүргізу құқынан айырылғанын да анықтайды. Өзін сот-медициналық сараптамасына жібергенде, орта дәрежелі мас күйде болғаны анықталды. Орал қалалық ПБ-да ҚР қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөліміне сай қылмыстық іс қозғалып, анықтау бөлімінің өндірісінде тергеу әрекеттері жүргізілуде.
– Қазіргі күні 1992 жылғы М. есімді азаматтың Қаратөбе ауданында туғаны, Бәйтерек ауданының тұрғыны екені анықталды. Сонымен қатар бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны мәлім болды. Ол басқарманың уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Іске мақсатты және қажетті материалдар жиналып, Орал қаласының прокуратурасына жолданды, – дейді қалалық ПБ анықтау бөлімінің аға анықтаушысы, полиция капитаны Гүлбану Утешева. Ал анықтау бөлімінің бастығы, полиция капитаны Жайдар Киргенев: – Заң талаптары күшіне енгелі мас күйінде көлік жүргізу фактісі қала бойынша бірінші рет тіркелді. Бұндай шаралар мен заңның қаталдығы әр жүргізушіге жауапкершілік жүктейді. Заң талаптары қатайған соң, талап та күшейіп отыр. Өзге көлік жүргізушілеріне сабақ болмақ. Әсіресе, ҚР ҚК-нің 346 бабына сай бұрын әкімшілік хаттама толтырылса, алдағы уақытта 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, өмір бойы көлік жүргізу құқынан айырылады, 5000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Жоғарыда көрсетілген фактінің материалдары сотқа жолданып, сот процесінде қаралатын болады, – деді.
Тәртіп сақшылары жүргізушілердің жолда жүру ережелерін сақтап, ішімдік ішкен жағдайда көлік жүргізбеулерін сұрайды. Бұл бірінші кезекте қайғылы жағдайларға ұрынбаудан сақтандырады.
«PULS» ақпарат