Бүгін қаламыздағы «Этноауыл» алаңында «AQJAIYG SKI RACE-2019» көпшілік шаңғымен жүгіру марафоны өтті.
Орал қаласының дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты — жастарды бұқаралық спортты дамытуға, дене шынықтырумен айналысуға шақыру. Марафонға жиналғандар саны көп болды. Қатысушылардың жас ерекшелігі — төрт пен 72 жас.
Спорттық шараға БҚО əкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов пен «Дети Азии» халықаралық спорттық ойындарының садақ атудан қола жүлдегері Əлихан Мұстафин қатысты.
«Біздің қаламыз спорттық ойындардан көш басында тұруы тиіс. Оны жүзеге асыру сіздер секілді салауатты өмір салтын қолдайтын буынның қолында», — деді Ғабидолла Абдоллаұлы.
Жарыс жолы үш айналымнан тұрды. Алғашқы айналым (2,5 км) — қола шаңғы жолы аталса, күмісті еншілегендер 5 км-ді жүріп өтті. Алтын шаңғы жолын 7,5 км жүріп өткендер еңсерді.
Көпшілік шараға келген Гайсиндер отбасы алтыннан алқа тағынды. Үйдің кенже ұлы төрт жастағы Дамир əкесі Қадыр, ағасы Рамильмен бірге жарыс жолын жалғады.
Марафонға ниет білдіргендер үйлеріне медальсіз қайтпады. Əр қатысушыға айналым жолын аяқтаған соң, медаль мен естелік сыйлық берілді.
Қысқы марафонның өтуіне атсалысқан жандарға алғыс хаттар табысталды. «Үздік ұйымдастырушы» Тұрарбек Алтынбекұлы болса, «Белсенді волонтёр» аталымын Дулат Жүсіпқалиев иеленді. Марафонның ең жас қатысушысы номинациясы Жанарыс Жасұланға берілсе, жарыс ақсақалы Кəкиден Лұқпанұлы атанды. «Көпсалалы мемлекеттік коммуналдық жол пайдалану кәсіпорыны» жарысты ұйымдастыруға үлес қосқаны үшін арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Жарыс жолының үш айналымын жүріп өткен ақсақал Кəкиден Жұмахметов жастарды белсенді болуға шақырды:
«Спорттың көптеген түрімен айналысамын. Жасым- жетпіс екіде. Қаламызда өтетін марафондарда əркез бой көрсетемін. «Жастар жылы» аясында жастар осындай шараларда белсенді болуы тиіс», — деді.
Гүлзинат Ибрагимқызы