Мас күйінде көлік жүргізіп, күшейтілген жазаға ілікті

Орал қаласының 22 жасар тұрғыны көлік құралын мас күйі жағдайында басқарғаны үшін сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылатын болды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жылдың 11 қаңтарынан бастап жүргізушілерге мас күйінде көлік құралдарын басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілетіні туралы заң күшіне енген болатын. Арада екі күн өткен соң 13 қаңтар күні Орал қаласында осы сипаттағы алғашқы жағдай тіркелді.

Орал қалалық полиция басқармасының мәліметі бойынша қаңтардың 13-і күні сағат шамамен 07.00 кезінде «ВАЗ-21150» маркілі автокөлігінің 1997 жылы туған жүргізушісі Құрманғазы көшесінің бойымен қозғала отырып, Фрунзе көшесінің қиылысында рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі арыққа түсіп кетеді.

Медициналық тексеріс нәтижесінде автокөлік жүргізушісінің орта дәрежедегі мас күйінде болғаны белгілі болған. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлімі (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік жауапкерішілікке тартылды.

Енді оған жиырма тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қолданылып, оған қоса сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылатын болады.

«PULS» ақпарат

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *