Шаһар басшысы – дарынды балалармен бірге

Өткен аптада қала әкімі ұйымдастырған жаңажылдық кеште өз білімдерімен және таланттарымен дараланған үздік оқушылар бас қосты.

Оқуда да, өнерде де озат атанған ұл-қыздарды мерекелерімен құттықтаған Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков: – Санаулы күндерден соң жаңа 2020 жылға қадам басқалы тұрмыз. Жаңа жыл қарсылау – балалар асыға күтетін тамаша мейрам. Ендеше жас достарымызды, Орал қаласының талантты да дарынды, білімді де тәрбиелі балғын тұрғындарын осынау ғажайып мерекемен құттықтаймын. Бүгінгі таңда қала мектептерінде 54 мыңнан астам бала білім алуда. Оралдық оқушылардың арасында да еліміз бойынша түрлі білім мен өнер, спорт сайыстарында топ жарып, алдыңғы қатарда жүрген белсенділер өте көп. Біз сіздер секілді дарынды ұл-қыздардың арман-мақсатына, талабына қолдау білдіруіміз керек. Осы орайда мемлекет тарапынан игілікті істер атқарылып, ата-аналарыңыз да сіздерге қолдау көрсетуде. Соның нәтижесінде сіздер жайлы білім ұяларында білікті ұстаздардан тәлім алып, саналы білім мен сапалы тәрбиені бойға сіңіріп жүрсіздер. Ал сіздер сол білімді мақсатты түрде игеріп, болашақта еліміздің мақтанышына айналады деп сенеміз, – деді.

Оқушылар сарайында ұйымдастырылған «Жарқырай түс, Жаңа жыл!» атты ертеңгілікке қала мектептерінен жүзден астам дарынды оқушы қатысты. Балалардың ортасынан табылған Аяз ата мен Ақшақар, ертегілер мен мультфильмдер кейіпкерлері шырша тойының сәнін кіргізді. Жас өнерпаздар ән айтып, би билеп, достарының көңілін көтерді.

Қаламыздағы №50 орта мектептің оқушысы Аяжан Жүсіпова да – осы жаңажылдық кешке арнайы шақырылған таланттылардың бірі. Өнерге жақын жас өрен сегіз жасынан бері қобыз үйірмесіне қатысып жүр екен. – Жаңа жыл маған ерекше ұнайды. Бұл мейрамда балалар түрлі сыйлықтарға ие болып, қуанып жатады. Ал ескі жылдың мен үшін маңызы зор. Биыл республикалық өнер байқауларына қатысып, өзімнің өнерімді көрсеттім. Бүгінгі жаңажылдық кеш маған ұнады. Бізге осындай керемет көңіл күй сыйлаған ұйымдастырушыларға рахмет. Дарынды шәкірттердің ортасынан табылуыма ықпал еткен Нұрбақыт Жасболатқызы, Жұлдызай Қоңыршақызы, Гүлжазира Орынбасарқызы секілді ұстаздарыма алғысым шексіз, – деді Аяжан. Кішкентай қобызшы ағылшын тілі пәнін жақсы көретінін, өскенде аудармашы болып қызмет еткісі келетінін айтты.

Түрлі байқауларда қаланың намысын қорғап жүрген жеткіншектерді ескерусіз қалдырмаған қала басшылығына ата-аналар да разы. – Мен шырша мерекесіне 4-сыныпта оқитын қызым Әлия Акрамованы алып келдім. Ол пәндік олимпиадаларға қатысып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Сыныбындағы үздік оқушылардың бірі. Дарынды балалардың талаптарын ұштап, қабілеттерін ашуға қаладағы М.Ықсанов атындағы №36 орта мектеп ұстаздары да зор үлес қосып жүр. Менің қызым да – осы мектептің оқушысы, – деді ата-ана Айгүл Тасмұқанова. Үлкендер де кішкентайлар секілді жаңа жылдан жақсылықтар күтетінін жеткізді. Ең бастысы, балалардың бақыты мен шат күлкісі.

Мерекелік шара соңында балаларға сыйлықтар беріліп, барлығы әсерлі көңіл күймен тарқасты.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *