Ақорданың ресми сайтында Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күнін жариялау туралы Жарлық шықты.
Бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы төтенше хабар қалың елді дүр сілкіндірді.
Белгілі болғанындай, Елордаға бет алған «Bek Air» жолаушылар ұшағы радардан жоғалып кеткен. Кейін 93 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болған. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, әуе апаты салдарынан 15 адам қаза тапқан.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумақта арнайы комиссия жұмыс жасауда. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты. Өзге мемлекеттер қазақ еліне көңіл айту жеделхаттарын жолдап жатса, еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз қасиетті жұмада орын алған қайғылы жағдайға байланысты барлық мешіттерде жұма намазынан кейін дұға етуді тапсырды.
Апатты ұшақтың бортында болған 93 жолаушының есімдері де жарияланды. Қазақстандықтар жаңа жыл алдындағы бұл тосын оқиғаны қабырғалары қайысып қабылдады. Олар әлеуметтік желілерде марқұм болған азаматтардың туыстарына қайғыра көңіл айтып, зардап шеккендердің амандығын тілеуде.
«PULS» ақпарат
(суреттер ғаламтордан алынды)