Облыс аумағында 17 желтоқсанда полиция қызметкерлері мен БҚО төтенше жағдай департаменті өртке қарсы қызмет бөліністерінің бірлескен «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Мақсат – жаңажылдық мейрам күндері қарсаңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолдану арқылы жасалған бұйымдар айналымы бойынша белгіленген қағидаларды жеке және заңды тұлғалардың сақтауын бақылау, заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету тәртібін сақтауын тексеру, сертификатталмаған өнімді көтерме жеткізушілерді анықтау.
Іс-шара барысында пиротехникалық бұйымдардың салдарынан болатын дене жарақаттарын болдырмау, азаматтардың өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың алдын ала отырып, аталған бұйымдарды халық көп шоғырланатын жерлерде пайдаланудың жолын кесу мақсатында полиция жасақтарының, учаскелік полиция инспекторларының, мектеп инспекторларының қатысуымен рейдтік шаралар ұйымдастырылады.
Осыған орай, елді мекендерде және бұл үшін бөлінбеген орындарда арнайы және қолдан жасалған пиротехникалық құрылғыларды жару орын алған жағдайда, пиротехникалық құралдар мен құрылғылар тәркілене отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабының 2-бөлігіне сәйкес жиырма айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай-ақ, пиротехникалық заттарды және оларды қолданып жасалатын бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, олармен сауда жасау, оларды жою, әкелу, әкету тәртібін бұзған тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 483-бабы, 1-бөлігі бойынша пиротехникалық құралдары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – 15, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне – 45 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұдан бөлек, еркін сауда жасауға Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен, заттармен сауда жасау ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғатынын ескертеміз. Аталған іс-шара 2020 жылдың 4 қаңтарына дейін жалғасады.
БҚО ПД баспасөз қызметі