Кәсіподақ жастары — кемел келешектің кепілі

Ғасырдың кез келген тармағында, тарихтың сан қилы толқынында адам баласы еңбек етіп, жетістікке жетіп адамзат дамуының бірнеше деңгейлерін артқа қалдырып келеді. Әлем көшінің ілгері жылжуын бір ғана сөзбен түсіндіруге болады. Ол- еңбек. 

Бүгінгі жаһанданудың жақсы жағы деп көрсетеміз бе, әлде ғылыми-техникалық прогрестің нәтижесі ме, білмедім, дегенмен «еңбек» ұғымының атын танығанымен, оның әрекет ете алу күшін білмеппін. Ол ұғымды қорғаушы кәсіподақ атты ұйымдардың бар екенін де білмедім.  Ең алғаш рет 2016 жылы Кәсіподақ Федерациясы жанынан «Келешек» жастар ісі бойынша кеңесі құрылған кезде өз еркіммен ең бірінші студент болып құрамына қосылдым. Сол кезден бастап кәсіподақ жұмысының қыр-сырымен таныса бастадым. Кәсіподақ жұмысымен етене таныса келе, мемлекеттің дамуындағы ең үлкен маңызға ие ұйым екенін түсіндім. «Келешек» жастар ісі бойынша кеңесінің құрамында үш жылдай ерікті болып, 2019 жылдың 19 қыркүйегінен бастап осы кеңестің жетекшілік қызметін алдым. Сол сәтте кәсіподақ аға буынымен жас буыны арасындағы көпірдің ендігі жерде өзім екенін түсіндім. Құрамға жаңа мүшелерді қатыстыра отырып, 2020 жыл «Еріктілер» жылына орай кеңес құрамына волонтерлік корпусты қалыптастырып жылға жоспар жасадық.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 29-30 қараша күндері аралығында Алматы қаласында өткен Республикалық еңбек жастарының Форумына қатысып келдім. Еңбекке жігірлендіру және еңбекке баулуға  бағытталған екі күндік жастар форумынан жақсы ойлар мен креативті бастамалар алдым.

Форумның алғашқы күні еркін пікір аламасу үлгісіндегі отырыс болды. Сол отырыс аясында барлық облыстардың «Келешек» кеңесінің жетекшілерімен таныс болып, өз облысымыздағы жұмыс дағдысымен бөлісіп, тәжірибе алмастық. Екінші күнгі ауқымды форумға ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Төрағасы Ералы Тоғжанов қатысты. Форум соңында Кәсіподақ Федерация Төрағасы Ералы Лұқпанұлына Республикалық «Келешек» жастар кеңесінің атынан Кәсіподақта жастар кадрлық резервін құру ұсынысын білдірдім. Аталған ұсынысты Кәсіподақ Федерация Төрағасы мақұлдап, «Келешек» жастар ісі бойынша кеңесінің барлық төрағалары мен төрайымдарына тапсырды.

Келешек — жастардың қолында, еңбекші жастар — қоғамды ілгерілетуші күш. Аталмыш Республикалық форумнан түйген ойым осы болды. Ендігі, біздің жұмыс бірлесе отырып, Кәсіподақ жұмысын одан да әрі жандандыру, жаңғырту. Кәсіподақ жас буынын қалыптастырып, Кәсіподақ иммунитетіне айналуына күш салу. Сондықтан, барлық еңбекші жастарды «Келешек» жастар кеңесіне мүше болуға шақырамын!

Ақерке Шайқы,

БҚО «Келешек» жастар ісі бойынша кеңес Төрайымы

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *