Жасанды мұз айдындары жалға беріледі

Бұл туралы қала әкімдігінде өткен жиында қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мәлімдеді.

– Бүгінгі басқосуға қалада қысқы уақытта жасанды мұз айдындарын ұйымдастыру мәселесіне байланысты жиналып отырмыз. Дәстүрлі түрде жыл сайын қала тұрғындарына арнап мұз айдындарын жасақтайтын сауда үйлері, кәсіпкерлер бар. Сонымен бірге осы жұмыстарды атқаратын бюджеттік ұйымдар да бар. Енді олардың қатарын көбейтіп, қала аумағындағы әлеуметтік нысандар салынбаған, ойын-сауық орталықтары жоқ бау-бақша қауымдастықтары мен шағын аудандарды қамтығымыз келеді, – деді қала әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы.

Әзірге ауа райы жасанды мұз айдындарын құюға қолайсыз болып тұр. Дегенмен, оралдықтар мен шаһар қонақтарының тиімді демалысын қамтамасыз етуді мақсат тұтқан әкімдік бұл жұмысқа атсалысамын деген кәсіпкерлерге қарсылық білдірмейді.

– Қалада жасанды мұз айдындары құйылатын 12 орын бар.  Оларды жеке кәсіп иелеріне жалға беру мүмкіндігі қарастырылған. Кәсіпкерлер ол жерлерде конькилерді жалға беру нысанын ашуына болады, – деді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұхамбетов. Мұз айдындарын тұрғындарға қызмет көрсету мақсатында пайдаланғысы келетін кәсіпкерлер «Орал» спорт клубына жолығып, өзіне қолайлы ауданды таңдай алады.

Қалалық білім беру бөлімі өкілінің мәліметінше, жасанды мұз қорапшалары мектептерде де жасақталады. Белгілі болғанындай, Оралда жеті мектепте хоккей қорапшалары бар. Ал №13 және №19 мектептерде заманауи үлгідегі алаңқайлар жасақталған. Жыл сайын он үш білім ошағында жасанды мұз айдындары құйылса, биыл олардың қатары тағы үш мектеппен толығуда.

Аталмыш жиынға кәсіпкерлік, спорт, білім саласының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Олар күн тәртібіндегі мәселені талқылап, кездесетін қиындықтарды да сөз етті.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *