Оралда Тәуелсіздік мерекесіне орай авиамодельдеу спорты бойынша облыстық жарыс өтті. Үш бөлім бойынша ұйымдастырылған сайысқа сексенге тарта оқушы қатысты.
Қатысушылар өздері жасақтаған 400 мм-ге дейінгі, 400 мм-ден жоғары лақтыратын планерлерін, сондай-ақ резиномоторлы моделдерін бәйгеге қосты. Модельдердің әрбір класында жеке және командалық біріншілік ойнатылды. Нәтижесінде 400 мм-ге дейін планерлер жарысында І орынды Ырысбек Сапарғали (Теректі ауданы), ІІ орынды Аян Қадырбай (облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығы), ІІІ орынды Еркебұлан Асқаров (Атырау облысы) иеленді.
400 мм-ден жоғары сайыста І орын Азамат Орынбаевқа (ОБТШО), ІІ орын Арсен Нұғмановқа (Орал НЗМ) бұйырса, ІІІ орынға Ерасыл Жомарт (ОБТШО) лайық деп танылды.
Резиномоторлы модельдер бойынша І орынды Әлихан Иденов (Орал НЗМ), ІІ орынды Саят Рамазан (Теректі), ІІІ орынды Роман Савичев (ОБТШО) өзара бөлісті.
Жалпыкомандалық есепте Зияткерлік мектеп командасы жеңімпаз атанса, теректіліктер ІІ орынға тұрақтап, ал үздік үштікті балалар техникалық шығармашылығы орталығы түйіндеді.
– Зияткерлік мектепте авиамодельдеу үйірмесі 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Біз тек құрастырумен ғана емес, ғылыми жобалармен айналысамыз. Мәселен, үйірме қатысушысы Аружан Көптілеу Англиядағы халықаралық жарыстан жүлде алып келді. Қазір Венгрияда осы сала бойынша білім алуда, – дейді Зияткерлік мектептегі үйірме жетекшісі Сергей Кузнецов.
Облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының директоры Жеңіс Шонбаевтың айтуынша, 2020 жылы авиамодельдеу спорты бойынша республикалық жарыс Оралда өтеді деп жоспарлануда.
– Авиа үлгілеу саласына балалардың қызығушылығы жоғары. Бірақ өзге облыстармен салыстырғанда, бізде тәжірибелі мамандар аз. Шет мемлекеттерде авиа үлгілеу бойынша сайыстар жиі өтеді. Тіпті ересектер де қатысады. Сол себепті осындай байқауларды жиі өткіземіз деп жоспарлаудамыз, – дейді ол.
Айдана ХАМИДУЛЛИНА,
НЗМ-нің баспасөз қызметкері,
Орал қаласы