Отан – отбасынан басталады. Адамның туып-өскен жері, ауылы, мекені, «Отан» деген ұғымның ішіне кіретіні сөзсіз.
Мәшһүр сахабалардың бірі болған Біләл (р.ғ.) Мәдинаға көшіп барған кезде өзінің кіндік қаны тамған көшелерін сағынғаны соншалық, оған арнап жыр-шумақтар оқыған екен.
«Отан» сөзінің түбірі араб сөзінен туындаған «ел, жұрт» деген ұғымды білдіреді. Отанға деген махаббат – адами қасиеттердің бірі болып табылады. Бұған «Отанды сүю – иманнан» деген хадис шәріп дәлел. Өйткені, Ислам діні Отанды сүюді иманның бір бөлігі деп санайды. Имам Бұхари, Имам Термизи, Әбу Ләйс Самарқанди, Бұрханиддин Мәрғинани, Әбул Мұғин Нәсәфи сынды исламның танымал тұлғаларының Отанға деген шын сүйіспеншіліктерінің әсерінен өз шығу тектерін кіндік қандары тамған жерлерінің аттарымен байланыстырулары да бекер еместігін аңғарамыз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бәкірмен (р.ғ.) бірге Мәдина қаласына хижрат қылып кетіп бара жатқан кезде артына бұрыла қарап (Меккеге): «Егер қауымым мені өзіңнен шығып кетуіме мәжбүрлемегенде, өз еркіммен сені ешқашан тастап кетпеген болар едім» деген екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде: «Бір түн Отан күзету – бір ай бойы ұстаған нәпіл оразадан және оқылған түнгі намаздан абзалырақ» деп түсіндіріледі.
Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ұхудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың туған жерге, оның әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін аңғартады.
Ғұламалардың бірі айтқан екен: «Әрбір адамға белгілі болғанындай, өмірде ең сүйген, қадірлі, бағалы саналатын төрт нәрсесі бар. Бұл төрт нәрсеге ие бола алмаған адамдар адами жақсылықтардан мақрұм болғандар. Олар: Азаттық немесе еркіндік, еңбекпен тапқан дүниесі, Отаны және діні.
Әрбір жанұяда ұл бала өмірге келетін болса, ата-анасымен бір қатарда оған Отанымыз да сүйсініп, шаттанады екен. Өйткені ұл бала ертең ата-анасын, жанұясын ғана емес, бүкіл халқын, Отанын қорғау жолында да өз үлесін қосатын азамат болып саналады».
Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрты болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деген ұлағатты сөз қалдырған. Демек Отанға деген сүйіспеншілік – ел игіліне жасаған жақсылықтармен өлшенбек. Әлі күнге есімдерін ел құрметтеген әл-Фараби, Иүгүнеки, Баласағұн, Яссауи, Бақырғани, Кердерілер – бәрі де Отанды гүлдендірген, елге, жерге адал қызмет еткен жандар еді. Құранда ешбір жақсылықтың бекерге кетпейтіндігі, Алладан сауап жазылатындығы айтылған:
فَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْراً يَرَهُ
«Кімде-кім тозаңдай жақсылық жасаса, міндетті түрде сауабын алады».
Мешіт-медреселердің бүгінде ізгі жандардың қолдауымен қайта жандана бастауы да – туған елге, Отанды гүлдендіруге деген ниеттің көрсеткіші.
Отан – ең қымбат сөз. Қаншама ғасырлар мен замандарда бабаларымыз жер үшін, Отан үшін қан төкті. Отанға деген махаббатын паш етті. Біздің Отанымыз – қасиетті қазақ даласы тыныш болсын!
Қажымұқан қажы ҒИЛМАНОВ, Мұхаммед-Ғариф Түлбаев атындағы Орал қалалық мешітінің бас имамы