1 қаңтардан бастап қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Әлеуметтік жәрдемақы түрлері, зейнетақы, жалақы, стипендия көбейеді. Жаңа жүйе еніп, заңдарда өзгеріс болады. Baribar.kz соның кейбіріне шолу жасады.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы өзгереді
1 қаңтардан бастап көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы өзгереді. Қазіргі уақытта Халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтардан құжат қабылданып жатыр.
Бұған дейін Мәжіліс атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің қазіргі жүйесін өзгертетін заң жобасын мақұлдады. Онда төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөліміндегі студент балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау қарастырылды.
Бұл жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады. Төрт балаға 42 496 теңге, бес балаға 53 127 теңге, алты балаға 63 757, жеті және одан да көп баласы бар отбасыларға 74 388 теңге беріледі.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары азық-түлікпен және гигиена заттарымен де қамтамасыз етіледі. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімдерімен қамтамасыз етіледі. Осы санаттағы балалардың мектепке бару жолақсы да өтеледі.
Мүгедектігі бар азаматтар үстеме алады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектерді әлеуметтік қорғау деңгейін көтеру үшін еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін медициналық-әлеуметтік сараптамада нақты белгіленген еңбекке жарамсыздық дәрежесіне сүйене отырып анықтауды ұсынды.
Мысалы, жеті жылдық қатысу өтілі және 100 мың теңге орташа айлық табысы бар, жалпы еңбекке жарамсыздық дәрежесі 65% деңгейінде белгіленген жүйеге қатысушы үшін жаңа параметрлер ескеріле отырып, төлем мөлшері 31 080 теңге болады, ал қазіргі параметрлер бойынша – 22 988 теңге ( 35% өсім).
Бұл төлемге мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақыны да қосу керек. ІІ топтағы мүгедектерге 2020 жылы берілетін жәрдемақы мөлшері – 47 710 теңге. Төлемнің жалпы сомасы 78 790 теңге болады.
Асыраушысынан айырылған азаматтар үшін үстеме
Асыраушысыз қалған отбасыларды әлеуметтік қорғауды арттыру үшін асырауындағы адам саны коэффициентін өзгерту арқылы әлеуметтік төлемдер мөлшерін арттыру ұсынылып отыр. Сонымен, асырауында бір адам болғанда 40%-тен 50%-ке дейін; екеу болса, 50%-тен 65%-ке дейін; үшеу болса, 60%-тен 80%-ке дейін және төрт немесе одан да көп болса, 80%-тен 100%-ке арттыру көзделген.
Тұтастай алғанда, заң жобасына ұсынылған өзгертулер әлеуметтік қауіптің үш түрі – еңбекке жарамсыздық, асыраушысынан айрылу және жұмысынан айырылу бойынша, яғни 200 мың алушы үшін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін орта есеппен 30% арттырады. Бұл әлеуметтік төлемдер мөлшері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығы арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Ата-анасының біреуі болмаса, балалар немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын 26 818 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 0,86 бөлігі), екі адамға 46 463 теңге, үш адамға 57 689 теңге, төрт адамға 61 119 теңге, бес адамға 63 302 теңге, алты немесе одан да көп адамға 65 797 теңге беріледі. Ата-анасы жоқ балалардың әрқайсысына 36 796 теңге тағайындалады.
АЕК, зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі өзгереді
Парламенттің жалпы отырысында “2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” 2019 жылғы 4 желтоқсандағы № 276-VI заң қабылданды. Оның 7-бабы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
- ең төменгі жалақы 42 500 теңге;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 16 839 теңге;
- ең төменгі зейнетақы 38 636 теңге;
- жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін, сонымен бірге ҚР заңнамасына енген өзгеріс бойынша айыппұл, салық және басқа төлем түрлері бойынша айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңге;
- базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 31 183 теңге болды.
2020 жылға арналған әлеуметтік саланың шығындары 5 триллион 692 миллиард теңге көлемінде жоспарланған.
Мұғалімдер жалақысы 25% көбейеді
“Педагог мәртебесі туралы” заң жобасы бойынша кеңейтілген отырыста Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің жалақысы қалай көбейетінін айтты.
Тамыз мәслихатында Мемлекет басшысы берген тапсырма аясында алдағы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы 2 есе өседі. Бұл – келесі жылдан бастап педагогтардың жалақысы 25% ұлғаяды деген сөз, – деді министр.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заң жобасында материалдық ынталандырудың мұғалімдердің білігін арттыруға бағытталған нормалары қарастырылып отыр. Олар: класқа жетекшілік ету мен дәптер тексеру үшін 2 есе көлемде үстемеақы төлеу, педагог шеберлігі мен тәлімгерлік үшін үстемеақы төлеу, барлық педагог үшін еңбек демалысын 56 күнге дейін ұзарту және тағы басқа.
Мектеп мұғалімдерінің сапа потенциалын арттыруды ынталандыру мақсатында магистр дәрежесі бар қызметкерлерге 10 АЕК көлемінде үстемеақы да төленеді.
Сонымен қатар келесі жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 35-50%, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 30-60% көбейеді.
Студенттердің стипендиясы көбейеді
Студенттерді қолдау үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантура студенттерінің стипендиясы 25% көтеріледі. Бұл барлығы 133 мыңға жуық адамды қамтиды.
Колледж студенттерінің стипендиясы да көбейеді. Үкімет 2020 жылдың қаңтарынан бастап орта арнаулы білім алып жатқан колледж студенттерінің стипендиясын да 25% ұлғайтады. Бұл – тағы 100 мың адам.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енеді
1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Еліміздегі барлық азамат сақтандырылса да, сақтандырылмаса да, тегін медициналық көмек пакетін пайдалана алады. Тегін медициналық көмекке санитарлық авиация, жедел жәрдем, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы сырқаттарды емдеу, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, паллиатив көмек кіреді. Бұл қызметтердің барлығы бюджет есебінен тегін көрсетіледі.
2020 жылдан бастап қызметкерлер жалақысының 1%-ін аударады. Жұмыс берушінің аударымы 2% болады. Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізде жұмыс істейтін тұлғалар табысының 1%-ін аударады. Жеке кәсіпкер өзі үшін 1,4 ең төменгі жалақының 5%-ін аударады.
Мемлекет әлеуметтік жағынан аз қорғалған 15 санат үшін ай сайын жарна аударып отырады. Олардың қатарында зейнеткерлер, жұмыссыздар, көпбалалы аналар, мүгедектер тағы басқалары бар. Толық тізім “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы” заңның 26-бабында көрсетілген. Бұл тізімге енбеген азаматтар жарнаны “өз бетінше төлеуші” ретінде екінші деңгейлі банктер арқылы төлей алады.
Салық органы электрон цифрлық қолтаңба бермейді
Салық төлеушілер Ұлттық куәландырушы орталығына жүгініп, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жарамдылық мерзімі бар электрон цифрлық қолтаңбаны ауыстыра алады.
Мемлекеттік қызмет көрсету функциясын жойылуы бірнеше уәкілетті органда оның қайталанбауына мүмкіндік береді (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті).