Бүгін «Тәуелсіздік күні» мерекесінің қарсаңында кәсіподақ белсенділерін марапаттау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығының баспасөз қызметі.
Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы ұйымдастарған шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ ардагерлері, өңіріміздің аудандарындағы кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері қатысты.
Салтанатты жиында Серік Рахметоллаұлы жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына және дамуына қосқан зор үлестері үшін кәсіподақ саласының бірқатар белсенділерін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атынан алғыс хаттармен марапаттады.
Сондай-ақ өңірдегі кәсіподақ саласында қажырлы еңбектері үшін мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында бір топ кәсіподақ белсенділеріне кәсіподақ төрайымы Айгүл Есекенова алғыс хаттар табыстады.
Сонымен қатар облысымыздағы мәдениет, денсаулық сақтау, білім және ғылым, құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылық және мемлекеттік қызмет салаларының үздіктеріне, төрағаларына арнайы наградалар тапсырылды. Мерекелік шарада кәсіподақ жүйесіндегі жемісті еңбегі, кәсіподақ беделін арттыруға және елдің әлеуметтік-экономикалық өсіп өркендеуіне қосқан зор үлестері үшін 50-ден аса кәсіподақ белсенділері марапатқа лайық деп танылды.
Рафхат ХАЛЕЛОВТІҢ суреттері