Бүгін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қызметкерлері 2019 жылға қорытынды жасап, БАҚ өкілдері және банк салымшаларымен кездесу өткізді.
Басқосуды ашқан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалының өңірлік директоры Аида Ипатова жылдың қорытындысы бойынша 76 000 салымшы тіркелсе, оның 19 328-і келісімшарттарын биыл рәсімдегенін айтты. Жиында 8 мың салымшының биыл аталмыш банкте шоты бола тұра, мемлекеттік бағдарламаға қатысқаны, «Қолжетімді баспана» бағдарламалары жөнінде ақпарат айтылды. Сондай-ақ филиал басшысы 2020 жылы жүзеге асырылмақ жоспарлар жайымен бөлісті. Келер жылы банк Батыс Қазақстан облысының әкімідігінің тапсырысына сай «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы ауданы 42 мың шаршы метр 761 пәтерге алты нысанды тапсыруды көздеп отыр екен. Оның екеуі «Солтүстік-Шығыс» шағынауданынан болса, 4-і Зашаған кентінде орналасқан. Тұрғын үйдің орташа құны 1 текше метрге – 140 мың теңге. Салымшылар 20 пайыздық бастапқы жарна арқылы аталмыш аудандардан үй немесе пәтер алу мүмкіндігіне ие болады. Несие бойынша мөлшерлемесі жылдық 5% құрайды.
Биыл өңірімізде «Әскери өнім» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы бойынша 880 мың теңгеге 93 қарыз берілген. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 169 салымшы өтінім беріп, 92-і банктен қарыз алған. Қазіргі таңда оң шешім алған 69 салымшы тұрғын үй іздестіруде екен. Бұл бағдарламаның тиімділігі – тұрғын үйді өзіңіз таңдауға мүмкіндік аласыз. Тек жаңа әлеуметтік бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне көп балалы, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған және толық емес отбасылар ие болып отыр.
«Бақытты отбасымен» жуырда ғана баспаналы болған Анаргүл Сисенова аталмыш бағдарламаның тиімді екенін айтып, банк қызметкерлеріне деген алғысын білдірді.
Бағдарлама атына сай баспаналы болып, балаларым мәз-мейрам болуда. Маған банк арқылы үй аламын деген ой ешқашан келмеген, бұл қиын іс секілді көрінетін. Бағдарламаның тиімділігіне сай, өзім үй таңдап, баспаналы болдым, – деді қуанышымен бөліскен салымшы.
Сонымен қатар келер жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен бірге, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз клиенттері үшін «Өз үйім» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді сатуды жоспарлап отыр. Бұл нысан Орал қаласының, Айталиев көшесі, 5-үйде орналасқан, ЖШС «ХимМашСтрой-Сервис» құрылыс компаниясы салған бес қабатты тұрғын үй. Бұл үйдегі бір бөлмелі пәтер 8,3 млн. теңгеден басталаса, 2 бөлмелі – 13,2 млн.теңге, үш бөлмелі пәтер құны -17 млн. теңге тұрады.
Аталмыш бағдарлама арқылы екі жыл бұрын өз пәтерлеріне қол жеткізген тұрғын Сұлутас Мақанова бағдарламаның тиімді тұстарымен бөлісті.
– Мұнда үй сатып алғыңыз келетін қаладан пәтер таңдап, қандай нысандардың салынып жатқанын қарап, өтініш қабылданып жатқан-жатпағанын біліп, ұнаған пәтерді көрсетіп, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш бере алатындығы біз үшін өте тиімді болды. Ең біріншіден, балаларымыздың арманын орындағанымызға қуаныштымыз, — деді .
Шара барысында «ТҚЖБ» БҚОФ өкілі Алтынбек Шайдуллин біздің облыста автоматты түрде жинақтау жүйесі іске қосу қажеттілігі яғни жинақтаушы азаматтың шотты жалақы есебінен аудару мүмкіндігіне тоқталды. Ол үшін салымшы ТҚЖБ-даңы жинақ қорына қажетті соманы аудару үшін өзі қызмет ететін ұйымның бухгалтериясына барып өтініш жазады. Бұл қос тарапқада тиімді болатыны анық. Қазіргі таңда бұл сервис әзірге Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеуде.
Жиында ТҚЖБ салымдар бойынша бір жыл ішінде 200 АЕК яғни 505 000 теңгеден аспайтын сомманы жинаса немесе бір мезгілде енгізсе мемлекеттің 20% мөлшеріндегі сыйлықақысы есебінен қол жеткізетін туралы хабардар етті. Ең жоғары сыйақы мөлшері – 101 000 теңге.
Басқосуда баспалы болуға ниет еткен жандарға қатысты сұрақтар мен банктегі өзгерістер жайы айтылып, келер жылдың жоспарларымен бөлісті. Толық ақпаратты Орал қаласы бойынша Сырым Датов көшесі,28 үй мекенжайы немесе www.hcsbk.kz алуға болады.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ