Мұрат Жұмашевті еске алуға арналған турнир басталды

Бүгін облыстық жоғарғы спорттық шеберлігі мектебінде грек-рим күресінен республикалық турнир басталды. Жарысқа 2004-2006 жылы туған жас палуандар қатысуда.

Турнир Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Мұрат Жұмашевті еске алуға арналып отыр. Жарыстың салтанатты ашылуына Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, өңіріміздегі  «Грек-римдық және еркін күрес федерациясының» президенті Бауыржан Бегайдаров және Мұрат Сүндетұлының жұбайы,жанұясы, достары мен шәкірттері қатысты.

Республикалық турнир грек-рим күресін дамыту және кеңінен тарату, сонымен қатар палуандардың кәсіби шеберлігі деңгейін арттыруды көздейді.

Шарада алғашқы боп сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Рахымқызы жас палуандарға Мұрат ағаларындай биік белестерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінуді тіледі.

Аталмыш аймақтық доданың жыл сайын жоғарғы деңгейде  өтуіне дүниеден озған бапкердің спортқа баулыған шәкірттері атсалысып келеді. Солардың бірі КСРО спорт шебері атағын орындаған Қанат Галиев бапкері туралы естеліктермен бөлісті.

Ағайдың көркем мінезі мен спорттық шеберлігі біз үшін қашанда үлгі боп қала береді. Мен ол кісіден бес жыл тәлім алып, біраз биік белестерді бағындырдым. Талай спорттық додаларда жүлдегер атандым. Сондықтан бұл турнирдің мәні зор. Жарысқа қатысушылардың көптігін көріп, көңіл қуанып тұр, — деді.

Жарыстың салтанатты рәсімінде турнир иесінің жұбайы Нұрзипа Хантөреқызына бапкердің шәкірттері атынан естелік сый табыс етілді.

Мұрат Жұмашевті еске алуға арналған турнирде еліміздің Қарағанды, Қызылорда, Атырау,Ақтөбе, Маңғыстау облыстары және өңіріміздің Бөрлі, Бәйтерек, Қазталов, Шыңғырлау, Теректі аудандары мен Орал қаласының спорт мектепкерінен келген 180-нен астам балуан бақ сынап, боз кілем үстінде белдесуде.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *