Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков «Junior Eurovision 2019» халықаралық ән байқауының лауреаты Ержан Максимді қабылдады деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әлемдік байқауға Қазақстанның атынан қатысып, үздік өнер көрсеткен Ержан Максимды жеңісімен құттықтаған шаһар басшысы оған «Абай жолы» роман-эпопеясын және велосипед сыйлады. Қабылдауға анасымен бірге келген өнерпазға шынайы тілегін жеткізген Абат Абайұлы:
– Осындай дарынды баланы тәрбиелегендеріңіз үшін алғыс айтамын. Ержанның әлі де биік белестерді бағындырарына сенеміз. Қазақстанның атын әлемге таныта беруіне тілекшіміз, – деді.
Әкім мен балғын өнерпаздың кездесуі барысында Ержан Максимнің алдағы жылға жоспарланған жеке концерті де талқыланды.
Еске сала кетсек, бұған дейін үстіміздегі жылдың мамыр айында «Голос Дети» байқауының жеңімпазы атанған жерлесіміз Ержан қазіргі таңда Мәскеудегі Игорь Крутойдың музыка академиясында білім алуда.
«PULS» ақпарат