Бүгін «BASTAU» коворкинг орталығында Орал қаласы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.
Қалалық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған шараға қала әкімі Абат Шыныбеков қатысып, жастардың кез келген бастамаларына қолдау білдіретінін айтты.
Отырыстың алғашқы бөлімі «Жастар жетістігі» атты көрмемен басталды. Жетістіктер көрмесінде қала әкімінің назарына жастар ұйымдары, спортшылар мен жас кәсіпкерлер, болашақ ғалымдар және фотосуретшілердің жұмыстары мен жетістіктері ұсынылды. Әрі қарай қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Болатбек Сахиев мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы жайындағы жылдық есебімен таныстырды.
Бүгінгі таңда Орал қаласында 14 пен 29 жас аралығындағы 60 806 жас болса, оның 37905-і білім алушылар. Осы бағытта жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жастар ресурстық орталықтары құрылуда. Сондай-ақ жастар саясаты саласында тіркелген 64 ұйымның бүгінде 15-і белсенді қызмет жасап отыр.
Кеңейтілген отырыс барысында жастарды еңбекпен қамту мәселелері туралы да сөз қозғалды. 2019 жылғы жұмыссыздық көрсеткіші 2,1 пайызды көрсетіп отыр. Жыл басынан бері қызметке орналасу мәселесімен 2958 жас жолығып,
2291 жас мемлекеттік қолдауға ие болған. Ал тұрақты жұмысқа тұрғандар саны – 934. Сонымен қатар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» бойынша 551 жас маман әр түрлі мекемелерге жолданған. Қорытындысында оның 147-сі тұрақты жұмысқа қабылданыпты.
Жылдық есепте «Жастар жылы» аясында берілген мол мүмкіндіктер жайлы айтылды. Әсіресе, бұл жылы кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы игі бастамалардың рөлі айрықша болды. Жастарға «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 130 млн.теңге қаржы бөлініп, елу қайтарымсыз грант берілді. Оған қоса осы бағдарлама шеңберінде жастарды қолдау мақсатында облыс бойынша өтеусіз мемлекеттік грантқа қосымша 45 млн.теңге бөлінген.
Іскер жастарға арналған «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсын 360 адам тәмамдап, нәтижесінде 120 жас тегін мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Сондай-ақ жиында тың идеяларымен көзге түскен жастарға арналған бірегей бағдарламалардың бірі «Zhas Project» жобасының қаламыздағы жүзеге асу жайы талқыланды. Аталмыш бағдарламадан 54 жоба жеңімпаз атанып, қатысушыларға 1 000 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы берілген.
Жылдық қорытынды есеп беру барысында Болатбек Жеткергенұлы еріктілер қозғалысын дамыту туралы ой қозғады. Қазіргі таңда «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасын жүзеге асыру мақсатында оқу орындарында QazVolunteer.kz платформасына студенттерді тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып өтті.
Осыған орай 14 желтоқсан күні «Жастар жылына» қорытынды жасай отырып, «Волонтерлер» жылына арналаған жоспар талқыланатын кең көлемдегі форум ұйымдастырылмақ.
Жиында қала әкімі Абат Абайұлы жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту бойынша «Студенттік құрылыс жастар еңбек жасақтары» мен «Жасыл ел» бағдарламасына қатысты ойын білдіріп, таза қаланы қалыптастыруда жастарды белсенді болуға шақырды.
Кеңестілген отырыста көшбасшы жастар сөз алып, ойларын ортаға салды. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқасында қоян шаруашылығын дамытып отырған Альбина Оразғалиқызының айтуынша, қаламызда аталған жануардың етіне деген сұраныс артып келеді екен. Ал «Zhas Project» жобасының жеңімпазы, «Нұр-Айым» ательесінің басшысы Арайлым Ихсанова жастарға осындай мүмкіндік сыйлаған мемлекеттік бағдарламалар саны көбейсе екен деген тілегін жеткізді.
Кездесуді қорытындылаған шаһар басшысы өңіріміздегі кез келген жастың жаңа бастамаларды дамытуға деген ой-тілектерін мақұлдайтынын жеткізді. Отырыс Ақ Жайықтың жалынды жастарының қала әкімі Абат Абайұлымен естелік суретке түсумен тәмамдалды.
Гүлзинат ҚИБАТОВА