18-22 қараша күндері облысымызға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетіне қарасты республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері келді.
Топтың құрамындағы дінтанушылар Толғанай Мұстафина мен Салтанат Әлімқұлова, психолог маман Салтанат Нұрбекова, ҚМДБ-ның әйелдер-қыздар секторының меңгерушісі Ақбөпе Тілегеновалар өңірдегі әйелдер жамағатымен және дінге қызығушылық танытып жүрген қыз-келіншектермен кездесті. Өңірдегі кездесу шараларын ұйымдастыруға жергілікті «Аманат-Жайық» қоғамдық қоры атсалысты.
– Біздің жоспарлы шарамызға қатысушылармен әңгіме барысында еліміздегі діни саясатқа деген көзқарас, оның жүзеге асырылуы, діни сана-сезімдерінің деңгейі туралы пікір алмастық. Діни сенім бостандығы деген түсінікке тереңірек тоқталдық. Бүгінгі таңда нәзік жандардың дінге бетбұрысы көптеп байқалуда. Сәйкесінше, қауіпті жағдайлар да жоқ емес. Дінді желеу етіп, түрлі теріс идеологиялар жүргізуге тырысатын топтар да бар. Олар өздерінің құрығына түскен адамдарға дінді күрделендіріп түсіндіріп, көп нәрседен тыюға тырысады. Сондай жағдайларда әйел адамдар қоғамнан алшақтап, өзінен-өзі тұйықталып, белсенділігін жоғалтады. Кездесу барысында түйгеніміз, дінге қызығушылық танытып жүрген қыз-келіншектерге психологтың, білікті теологтардың көп көмегі қажет. Дінге бет бұру – қоғамнан бөлектену деген ойдан ада болу керекпіз. «Жусан» арнайы операциясымен Сириядан елімізге қайтарылған аналармен әңгімелесіп, олардың да ой-пікірлерін тыңдадық. Әрине, бұл санаттағы азаматшалармен жергілікті жауапты мекемелер жан-жақты жұмыстануда. Олардың бірқатары дұрыс жолдан адасқандарын түсінеді, ал кейбіреулері әлі де болса өз пікірінде жүруі мүмкін, – деді дінтанушы Толғанай Вагизқызы.
Дінтанушы өз сөзінде батысқазақстандық әйел-азаматшалардың мінезі жұмсақтау келетінін жасырмады. Нәзік жандардың арасында дінге қызығушылық танытатын жастардың көптігін айтты.
Бес күн бойына жалғасқан жүздесулерде қыз-келіншектер дін мәселесі бойынша көптеген мәліметтерге қанықты. – Осындай іс-шараларды ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Кездесулерден алған әсеріміз зор. Алдағы уақытта да білікті мамандардың қатысуымен өтетін басқосулар жиі ұйымдастырылғаны жөн. Оралдағы «Аманат-Жайық» қорының жұмысына да ризамыз. Олар бізді назардан тыс қалдырған емес, – деді шараға қатысушы Мөлдір Қажығалиева.
Ләззат ҚАЖЫМОВА